Президент: Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады

16.04.2024

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды. Президент су тасқынына қарсы күрес амалдарының атқарылу барысын және апаттың алдын алу жұмыстарының жүргізілуін қадағалап, тұрғындармен кездесіп, билік тарапынан көрсетілер көмектің ауқымын айтты.

Президент әуелі әуден қарады. Қызылжарға қызыл су төніп тұр. Сол себепті де, мемлекет басшысы аймаққа арнайы келген. Негізгі мақсат – сақтық шараларын ширатып, жергілікті халыққа демеу болу. Аймақтағы алты ауданда төтенше жағдай жарияланған. Президентке Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атқарылып жатқан жұмыстың ауқымын баяндады. Ал «ҚазСуШар» мекемесінің өкілі Сергеевка су қоймасы туралы мәлімет берді.

Президент сақтық шараларын бір шолып өткесін, эвакуацияланған тұрғындармен кездесті. Мемлекет тарапынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты. Қазіргі уақытта бірреттік жәрдем берілуде. Комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін өтемақы төленеді. Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет.

Қазіргі қиын кезде президент өте маңызды шешімді айтты. Бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады.

Су тасқыны – табиғи апат. Бірақ, алдын алу шараларында олқылық жоқ емес. Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік органға су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екенін айтты. Тасқын қажетті мамандардың тапшы екенін көрсетті. Сондықтан, гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылданды. Ал, президентпен кездескен тұрғындар қазіргі жағдайларын баяндады.

Қатер бар жерде құтқарушы жүреді. Түрлі табиғи апаттарға қарсы күресіп, әр азаматтың өміріне араша түсетін де солар. Бұл жолы да сол құтқарушыларға артылған жүктің салмағы ауыр.

Құтқарушылар мен әскерилер тасқынға тосқын болар жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асатын бөгет салған. Оларға көмек беріп жатқан тағы бір топ бар – волонтерлер. Президент тұтас бір жылды волонтер жылы деп жариялағаны есіңізде болар. Сол бастама, сол үндеу жемісін беріп жатса керек. Су тасқынына қарсы іс-шараларға екі жарым мың ерікті белсенді қатысып жатыр.

Аймаққа 300 тонна гуманитарлық көмек келді әлі де жалғасып жатыр. Бірақ, демеудің қуатталар тұсы – алда. Қарғын судың бетін қайтарғасын, зардап шеккен тұрғындарға барынша қолдау көрсетіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев қысқа дейін жақсы нәтижеге жетіп, оң өзгерістер болатынын айтты. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының жоғары деңгейде ұйымшылдық пен сабырлық танытқанын атап өтіп, табиғат апатымен күресіп жүрген барлық азаматқа алғысын білдірді.


Хабарламаларға жазылу