Төтенше жағдай режимі жарияланған өңірлердегі 5 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми өкілі Мадияр Уақпаев айтты. Сондай-ақ, балаларды қоса есептегенде, 4 мыңға жуық адамға мүгедектікті қайта куәландыру мерзімі автоматты түрде ұзартылды. Жергілікті атқарушы органдар, өз қаражаты есебінен, су тасқынынан зардап шеккен 2 мың 300 отбасыға 555 млн теңгеден астам әлеуметтік көмек көрсеткен. Таяу арада, электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы арқылы су тасқынынан болған залалды өтеуге, өтініш беруге болады. Қызметті алдымен Ақмола облысының тұрғындары апробациядан өткізетінін айта кетейік. Сонымен қатар, аймақтарда төтенше жағдай жариялануына байланысты мүгедектігі бар және осал топтағы азаматтар түрлі кедергілерге тап болып жатыр. Осыған орай, Омбудсменнің жедел желісі іске қосылғанын атап өтейік. Ерекше жандар қандайда бір көмекке мұқтаж болса, экранда көрсетілген нөмір мен пошта арқылы мамандармен тілдесе алады.