«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Түркістан облысында жалғасын тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Түркістан облысында жалғасын тапты

14.04.2024

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Түркістан облысында жалғасын тапты. Өңір тұрғындары саябақтар мен жол жиектеріне ағаш көшеттерін отырғызып, аудан орталықтары мен ауылдардың тазалығын ретке келтіріп жатыр. «Таза өлке – Түркістан» акциясы аясында көшелер абаттандырылып жатыр.

Сайрам ауданында тұратын танымал былғары қолғап шебері Сәкен Бибосынов бүгін қолына күрек алып, спорттағы әріптестерімен бірге көшет отырғызды. Әлем чемпионы туған өлкесінің көркеюіне үлес қосты.

Сәкен Бибосынов, бокстан әлем чемпионы:

Қазіргі таңда өзім қолым бос болғаннан кейін осы акцияға қатысуға уақыт тауып келдім. Тал ексең, соның көлеңкесінде адамдар демалады демекші көшет ексең, әр жемісін жеген сайын сен өмірден өтсең де, артыңнан сауап барып тұрады ғой.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылған шарада түркістандықтар апта басынан көшелер мен саябақтарды абаттандырды. Көшеттер отырғызды. Бұл жұмыстарға аймақ басшыларынан бастап жастарға дейін атсалысуда.

Бұдан бөлек шаһар аумағына 200 мың түп гүл егілуде. Раушаннан бастап хризантемаға дейін 10-нан аса өсімдік түрі қаланың көркін келтіріп, келген қонақтарға керемет көңіл күй сыйлайды.

Зухра Кулгатова, бағбан:

Қанша гүл егіп, әдемі істесек, өзіміз де сондай әдемі көңіл күйде жүреміз.

Облыс орталығынан бөлек аудан, ауылдарда да жаппай тазалық жүріп жатыр. Акция аясында 146 шақырым өзен-каналдар тазаланып, 1 500 көше мен үй аулалары абаттандырылады. Бір ай көлемінде аймақта 130 мың көшет егілмек.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу