Абай облысынан Қостанайға гуманитарлық жүк жөнелтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысынан Қостанайға гуманитарлық жүк жөнелтілді

13.04.2024

Тасқын болған өңірлерге гуманитарлық көмек беру жалғасып жатыр. Бүгін Абай облысынан Қостанайға темір жол арқылы қажет заттар жіберілді. Облыстық Жастар ресурстық орталығы, «AMANAT» партиясы мен волонтерлер топан судан зардап шеккендер үшін құрылыс материалдары, азық-түлік пен қажетті заттарды жинауды әлі де жалғастырып жатыр.

Зардап шеккендерге тек Үржар мен Мақаншы ауданның белсенді жастары 24 тонна жүк әкелген. Қиындыққа тап болған өңір тұрғындарына жәрдем беруге қарапайым тұрғындар, кәсіпкерлер мен түрлі кәсіпорындар ат салысып жатыр.

Серік Сәрсенбаев, волонтер:

Үржардың жастарының ұйымдастырумен, Үржардың халқы апаттан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жинап берді. Кәсіпкерлер, қарапайым халық бәрі жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып. Зардап шеккен жандарға айтарымыз сабырлы болыңыздар! Қазақстан халқы сіздермен бірге!

Семей қаласында гуманитарлық көмек жинайтын бірнеше пункт ашылған болатын. Азық-түлік пен тұрмыстық заттардан бөлек, жергілікті кәсіпорындар тонналаған құрылыс материалдарын жіберуде.

Қуаныш Сүлейменов, «Amanat» партиясы филиалының төрағасы:

Абай облысынан барлық күш-жігерімізді жинап әкімшілік, бүкіл халқымыз «AMANAT» партиясы бүгін өздеріңіз көргендей құрылыс заттары, азық-түлік, киімдер барлығы тізім бойынша бүгін жиналып жіберілейін деп жатыр.

Ерғазы Жұмаділов, «Қазақстан темір жолы» АҚ Жүк тасымалдау бөлімшесінің орынбасары:

Бүкіл Қазақстан халқы тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға көмек беріп жатыр. Біздің компания да шет қалып жатқан жоқ. Бүгін Қостанай қаласына 70 тонна жүк жібердік. Қазір Арқалық халқына қажеттіні тиеп жатырмыз.

Тек бүгіннің өзінде 60 тоннадан астам азық-түлік пен төсек орын, киім-кешек Қостанай облысына жіберілді. Оған қосымша 30 тонна жүк тиелген көліктер Ақтөбеге аттанды.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу