Ақмола облысының үш ауданында төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының үш ауданында төтенше жағдай жарияланды

13.04.2024

Ақмола облысының Бұланды, Есіл және Жарқайың аудандарында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Бұған Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі мен Қаражар бөгетінің бұзылуы себеп. Дәл қазір, бізбен осы өңірден тілшіміз Ұмсындық Наурызбаева байланыста. Ұмсындық, төтенше жағдай жарияланған елдімекендегі қазіргі жағдай қалай? Қауіп сейілді ме?

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Есіл ауданындағы 6 ауылға қарғын су кіріп, 500-ге жуық адам эвакуацияланған. Дегенмен, қазір жағдай тұрақталды. Есіл өзенінің деңгейі 1,5 метрге дейін түскен. Сондықтан тұрғындар үйлеріне оралып жатыр. Ал Жарқайың ауданындағы Ұшқарасу, Пригородное, Костычево ауылдары мен Державинск қаласына да осы Есіл өзендегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты қауіп төнген. Бұл Елдімекендерден 121 адам эвакуацияланған. Арнайы штаб жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Екі ауданда да комиссия құрылып, шығын есептеліп жатыр. Сондай-ақ, бірер күн бұрын Қаражар бөгетін су бұзып, Бұланды ауданындағы Вознесенка, Иванковка, Капитоновка және Журавлевка ауылдарына қауіп төнген. Дәл қазір біз Вознесенко ауылының жанында тұрмыз. Елдімекенге барар жолды су шайып кеткен. Арғы бетке азық-түлік міне дәл осылай жеткізіліп жатыр. Қазір менің жанымда ауыл тұрғыны Рахметолла Сәрсенбаев тұр. Арғы бетке күніне неше рет азық түлік жіберіп жатырсыздар?

Рахметолла Сәрсенбаев, ауыл тұрғыны:

Жалпы жағдайды көріп тұрсыздар.Су басып кеткендіктен көпірді шайып кетіп жатыр. Күніне бір рет Макинск қаласынан Вознесенко ауылына 30 шақырым жерден 300 бөлке нан , керек жарақ, азық-түлікті қайықпен жіберіп жатырмыз.

Жалпы Бұланды ауданында 184 үйге қарғын су кіріп, 540 адам эвакуацияланған. Қазір тасқын судың салдарын жойып, апаттан құтқару жұмыстарына қажетті күш-құрылымдар жұмылдырылды.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу