Президент: Су тасқынына қатысты ахуал күрделі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Су тасқынына қатысты ахуал күрделі

13.04.2024

Су тасқынына қатысты ахуал әлі де күрделі. 5 өңірде қарғын судың екінші толқыны болуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған байланысты Республикалық штаб отырысын өткізіп, өңірлердің дайындығын пысықтады. Зардап шеккендердің шығынын өтеу жұмыстары басталып кеткен. Президент үйін тастап кетуге мәжбүр болғандардың құжаттарын түгендеп беруді, елдегі эпидемиологиялық ахуалды да бақылауда ұстауды тапсырды.

Қарғын судың қаупі әлі сейілмеді. Жақын күндері Атырау, Батыс, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болады деген болжам бар. Осылай деген Президент қазіргі басты міндет тұрғындарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру екенін еске салды. Сонымен бірге, зардап шеккендерге материалдық әрі моралдық көмек көрсету маңызды. Мемлекет басшысы Үкіметке үйін тастап шыққандардың құжатын түгендеп, шығынын толық өтеп беруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл мақсатқа бюджет қаражатымен қатар «Қазақстан халқына» қоры мен ірі бизнес өкілдері бөлген қаржы жұмсалады. Сондай-ақ, тағы бір өте маңызды мәселе бұл – су басқан аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал. Жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажет. Көктемгі егіс науқанына да дайындалу керек.

Зардап шеккен аймақтардағы азық-түлік қауіпсіздігі мен баға да ерекше бақылауда. Президент әуе және темір жол билеттерінің қымбаттауына жол бермеуді тапсырды. Қазір Үкімет мүшелері тасқыннан зардап шеккен өңірлерде жүр. Олар судың беті қайтып, жағдай тұрақталғанша елмен бірге болады. Ал зардап шеккен халыққа шығынды өтеу жұмыстары қазірден басталып кеткен. Үкімет басшысы әр отбасыға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем жасалынатынын айтты.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Бұл бүлінген жиһаз және басқа да тұрмыстық мүліктің шығынын өтейді. Үйі жарамсыз деп танылған азаматтарға жергілікті әкімдіктер баспана сатып алып немесе жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндетті. Қазір Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе облыстарының әкімдіктері бұл іске кірісті.

Ақтөбе облысы бұл шығынды коммуналдық шаруашылық қорының есебінен өтейді. Ал Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккен 27 отбасы бүгінде Арқалық қаласынан баспана таңдап алған. Олар көшуге дайын. Бұған Үкімет 405 миллион теңге бөлді. Жалпы қазір қауіп сейілген аймақтардың барлығы шығын құнын есептеп жатыр. Үкімет басшысының есебінше, су басқан өңірлер бұл жұмысқа судың беті қайтқан соң кіріседі. Эпидемиологиялық ахуал да бақылауда. Денсаулық сақтау министрінің есебінше, әзірге қауіп жоқ.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Су басқан аймақтарда 504 медицина қызметкері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Оның 151-і – дәрігер. Әрі 55 психолог бар. 8 мың төсек орны қарастырылған. Егер жұқпалы аурулар тараса, қосымша 3 мың төсек қоса аламыз. Қазір төсек-орынның 69 пайызы ғана пайдаланылуда.

Ал су шайған өңірлерде жұқпалы ауру тарады деген ақпарат жалған. Президент әлеуметтік желіде желідей ескен түрлі қауесетке сенбеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мал қорымдарын су шайғаны жөнінде тараған тексерілмеген хабарламалар ел арасында алаңдаушылық туғызды. Бірақ, бұл ақпарат расталған жоқ. Соған қарамастан, эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық мәселелер Денсаулық сақтау министрлігінің жіті бақылауында болуы керек. Премьер-Министр де бұған назар аударуы тиіс.

Қазір су басқан 6 аймақта жағдай тұрақты. Дегенмен, тасқынның екінші толқыны болуы мүмкін өңірлерде бөгеттер салынып, қарғын суға қарсы жұмыстар күшейді.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Мен қазір Орал қаласында жүрмін. Мұнда тасқынға қарсы барлық жұмыс жүріп жатыр. Бөгеттер салынды. Әуелде техникамен қиындықтар болған. Қазір бұл мәселе шешілді. Судың бірінші толқыны әуелі БҚО-да деген болжам бар. Сондықтан қауіп сейілген Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарындағы техниканы осы өңірлерге жіберіп жатырмыз.

Су тасқынымен күресте жанкештілікпен тәулік бойы үздіксіз қызмет еткен құтқарушылардың еңбегі зор. Президент төтенше жағдай қызметкерлеріне ерекше алғысын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысын көріп отырмын. Қызметкерлер мен құтқарушылар жанқиярлықпен жұмыс істеп жатыр. Оларға менің сәлемімді жеткізіңіз. Алғысымыз шексіз.

Президент қираған үйлер мен әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел топ жасақтауды тапсырды. Ал жергілікті әкімдер тез арада шығынды есептеп, бұл тізімді жедел штабқа өткізуі тиіс. Сонымен бірге, баспаналарды қалпына келтіру жұмыстарын уақытылы атқарылуына мониторинг жүргізу міндеттелді. Әрі жыл соңына дейін су тасқынына қарсы шаралардың ұзақмерзімді стратегиясын құрып, тиісті құжаттарды қабылдау міндетін жүктеді.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу