Ақмола облысындағы су тасқынынан зардап шеккен 81 оқушы лагерьде демалып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы су тасқынынан зардап шеккен 81 оқушы лагерьде демалып жатыр

12.04.2024

Ақмола облысындағы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұратын 81 оқушы балалар лагерінде демалып жатыр. Олар Сандықтау ауданындағы демалыс орнында он күн болады. Балалар киім-кешек, білім алуға қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілген. Ал сабақты қашықтан оқып жатыр. Әріптесім Ұмсындық Наурызбаева баяндасын.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Сандықтау ауданында орналасқан балалар лагері тамылжыған табиғатымен ерекшеленеді. Қарағайлы орманы, тау-тасы әдемі әсерге бөлейді. Шипалы ауасы да сергітпей қоймайды. Қазіргі таңда демалыс орнында Целиноград ауданына қарасты алты ауылдан келген оқушылар демалып жатыр.

Қазіргі таңда лагерьде 5-9 сынып оқушылары демалып жатыр. Олар осында бірнеше күн бұрын келген. Сол уақыт аралығында бір-бірімен тіл табысып, достасып та үлгеріпті. Бос уақыттары табыла қалса, асыр салып ойын ойнайды. Түрлі үйірмелерге қатысады.

Нұрсат Тілеуберді, оқушы:

Бізде қазір бос уақыт жоқ. Біз көптеген үйірмелерге, билерге қатысып жүрміз. Мұнда бізге қатты ұнап жатыр.

Лагерьде балалардың әр сағаты алдын ала жоспарланып қойған. Түске дейін сабақ оқиды. Кейін әртүрлі шараларға қатысады.

Демалыс орнында спорттық ойындар да көптеп ұйымдастырылады. Балғындар топқа бөлініп, бір-бірімен жарысқа түседі. Мұнда балаларға қажетті барлық жағдай жасалған. Оларға бес мезгіл ыстық тамақ беріледі. Ас мәзірін арнайы диетолог мамандар дайындайды. Медбике, психологтар да күндіз-түні жұмыс істейді.

Сәкен Дайыров, балалар сауықтыру лагері басшысының орынбасары:

 Бізде қосымша білім беру педагогтары жұмыс істейді. Біздің лагерьде қазақ тілі клубы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ағашпен өндеу пәнінің мұғалімі және көркем бейнелеу пәнінің мұғалімі бар. Осы мұғалімдер балалардың толыққанды сауығуымен білім алуы үшін жұмыс жасап жатыр.

Су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балаларына демалысты еліміз бойынша Ақмола облысы алғашқылардың бірі болып ұйымдастырып отыр.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу