Қызылорда облысы ЕуроОдақ мемлекеттерінен инвест жобаларға қаржы тартуға ниетті. Сыр өңіріне Еуропа елдерінің Қазақстандағы өкілетті елшілері жұмыс сапарымен келіп, аймақтың инвестициялық әлеуетімен танысты.
Өңірде өндірілетін өнімдердің экспорты жыл санап ұлғайып келеді. Мәселен, былтыр 20 миллион АҚШ долларының күріші шет елдің нарығына шығарылған. Жалпы облыста өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамуда. Соған сәйкес, Еуропа мемлекеттерімен сауда-саттық бағытында тығыз байланыс орнату облыс экономикасы үшін маңызды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Жергілікті балық өнімдері Еуропа елдерінде жоғары сұранысқа ие. Өткен жылдың қорытындысымен құны 9 млн. АҚШ долларын құрайтын 2 мың тоннадан астам балық өнімдері Германия, Дания, Литва, Латвия, Нидерланды, Польша және Румыния елдеріне экспортталды.
Келелі жиында мәртебелі меймандарға аймақтың бірқатар инвест жобалары таныстырылды. Әр бастаманың әлеуеті, бірлесіп жүзеге асыру жолдары айтылды. Сондай-ақ, Арал теңізінің қазіргі жай-күйі де сөз болды.
Хорхе Урбиола, Испания мемлекетінің Қазақстандағы өкілетті елшісі:
Жалпы Арал мәселесіне Испан елі үлкен көңіл бөліп отыр. Бүгінде Аралдағы тұз өндіретін үш зауыт испан технологиясымен жабдықталған. Тұз өндірісінде біз бірден бір инвестормыз. Алдағы уақытта басқа да жобаларға қолдау көрсету жоспарда бар.
Минь Ванг, «ВGI Bioverse» компаниясының өкілі:
Біздің компания сортаң жерлерді құнарландыратын ерекше технология ойлап тапты. «Сэнд-Маск» деп аталатын әдісті шөлді далада қолданып, жасыл желекке айналдырдық. Енді осы жаңашылдығымызды Арал теңізінің құрғаған табанында қолданып көрсек деген ниетіміз бар.
Төрт күндік сапар аясында елшілер Көкарал бөгетіне барып, Кіші Арал теңізімен танысады. Сондай-ақ, Аралдың құрғаған табанында сексеуіл егу жұмыстарын көзбен көрмек.
Әділбек Серікұлы