Ресейдің Орынбор қаласының тұсындағы Жайықтың су деңгейі 11 метрден асып кетті. Бұл нормадан 2 метрге жоғары. Сондықтан БҚО-ға топан су жуық арада жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде Жайық жайылып, қала іргесіне жеткен. Тікелей эфирге шыққалы тұрған әріптесім Нұрсұлтан Тілектес баяндауға дайын. Нұрсұлтан қалада бірнеше нысанды су басты деген ақпар бар, бұл қаншалықты рас?
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Біз қазір Орал қаласындағы Жеңіс алаңында тұрмыз. Жайықтан жайылған су мұндағы шағын саябаққа дейін жетті. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, жағалаудағы демалыс орны толықтай суға кетіп, саябақтың жарты аумағын басты. Өзендегі судың деңгейі соңғы бір тәулікте 8 сантиметрге көтеріліп, 736 сантиметрге жетті. Салдарынан жағалауда тұрған демханалар да суда қалды. Кейбір кәсіпкерлер өз нысандарын құм салынған қаптармен қоршап жатыр.
Рауан Құсайынов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры:
Орынбор қаласында Жайықтың деңгейі 11 метрден асып кетті. Онда қауіпті деңгей 930 см болатын. Қазір қауіпті деңгейден екі метрге асып кетті. Қазіргі уақытта Орынбор қаласында судың көтерілу шыңы өтіп жатыр. Содан санағанда 5-6 күнде Орал қаласына дейін келеді.
Қазір Ресейдің Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 720 текше метр су жіберіліп жатыр. ТЖД мамандары нөпір су келер болса, қаланың бірнеше шағын ауданын су басады деп топшылап отыр. Жалпы, БҚО-да Жайықтың бойында 90-нан астам елдімекен бар. Оның барлығына қауіп төніп тұр. Сондықтан бөгет салу жұмыстары жүріп жатыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, аймақта тасқынға қарсы 56 шақырымдық бөгет тұрғызылған.
Нұрсұлтан Тілектес