Қостанай облысында 3 мыңнан аса еріктілер армиясы тасқынға қарсы күш біріктірді. Олардың қатарында қарапайым тұрғындар мен қоса мемлекеттік қызметкерлер де бар. Қиын сәтте күш біріктіріп, кеңседегі қызметін тастап қолына күрек алғандар жайлы Дәуренбек Әбдібектің репортажында.
Қостанайда тасқынның беті қайтты. Алайда еріктілер тобының жұмысы әлі бәсеңдеген жоқ. Бүгін олар қала көшелерін тазалауға шықты. Солардың бірі қоғамдық даму басқармасының бас маманы – Данияр Болатов. Ол тасқын күшейген кездегі қарбаластың бел ортасында жүрді. Эвакуация орталықтарына керек-жарағын тасыды, құм толтырған қап арқалап, ағын судың жолын бөгеді. Табиғаттың дүлей күшінің қауіп-қатерін тұла бойымен сезінді.
Данияр Болатов, қоғамдық даму басқармасының бас маманы:
Дамбының үстінде тұрдық қой. Соның үстіне қапшықтардың қалап жатқанда су келіп тұрды. Мына су бұзып өтсе не болады, халықтың жағдайы қалай болады деген қорқыныш та болды.
Сын сағатта сыр бермеді
Дегенмен елдің бірлігі көңілге сенім ұялатып, жүрекке жігер берді» дейді Данияр Болатов. Расында қиын-қыстау сәтте қостанайлықтар ұйымшылдықтың озық үлгісін көрсетті. Әрбір азамат тасқынның бетін қайтаруға шама-шарқынша үлес қосты.
Қыдырбек Қиысхан, қала тұрғыны:
Қала тұрғындары бірінен соң бірі келіп жатыр. 2-3 сағат сайын ауысып жұмыс істеудеміз. Кешеден бері осындамыз.
Су тасқыны басталғалы облыста 9 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге жеткізілген. 135 эвакуация орталығы жұмыс істеп тұр. Тасқыннан зардап шеккен азаматтар өздеріне көмек көрсетіп жатқан еріктілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді.
Шөптібай Сарин, Амангелді ауылының тұрғыны:
Барлығы да көмектесіп жатыр. Ризамын. Халқым аман болсын.
Тасқын кезінде облыс бойынша 300-ге тарта үйді су басқан. Бірнеше бағытта қатынас үзілді. Жарық сөнді. Алда – елді-мекендерді қирандылардан, ағын сумен келген қоқыстан тазалау тәрізді қыруар жұмыс тұр. Ең қиын кезде еріктілер сапына қосылып, тасқынға қарсы қайрат қылғандар бұл шаруаға да білек сыбана кірісуге әзір.
Дәуренбек Әбдібек