Су тасқыны: Мердігерлерге қатысты тергеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқыны: Мердігерлерге қатысты тергеу басталды

11.04.2024

Алматы қаласы, Ақсай өзені бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу жұмысын іске асыру керек серіктестік иелері, аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілікті. Залал сомасы алдын ала болжам бойынша - 775 млн теңгеден асады. Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің үш облысында су тасқынының алдын алу жұмыстарын атқаруы тиіс мердігерлерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тағы бір факті – Ақтөбе облысында анықталған. 2014 жылы «Магаджан» бөгеті серіктестікке балық шаруашылығын жүргізуге берілген. Бірақ, содан бері бөгетті күтіп ұсталмай, міндеттер орындалмаған. Салдарынан 5-ші сәуірде Хромтау ауданында орналасқан сол «Магаджан» бөгеті бұзылды. Тағы бір оқиға Ұлытау облысында болған. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік су тасқыны кезінде жақын маңдағы аумақтарды шайылып кетуден қорғау үшін ұзындығы 2 шақырым болатын Жезді өзеніне санация жүргізу үшін жалпы сомасы 485 жарым миллион теңгеге мемлекеттік мекемемен шарт жасасқан. Алайда мердігердің жалпы сомасы 282 жарым миллион теңгеге жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын нақты орындамағаны анықталды.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

Сол сәтте жоғарыда аталған жұмыстардың болмауы жағдайында серіктестік атына орындалған жұмыстар актісіне сәйкес 400 млн теңге аударылған. Аталған әрекеттердің салдарынан 26 үй су астында қалып, 174 адам эвакуацияланған.Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Олардың барысында көрсетілген фактілерге қатысты барлық лауазымды тұлғаларға құқықтық баға берілетін болады.

Хабарламаларға жазылу