Қостанай өңірінде үшем дүниеге келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай өңірінде үшем дүниеге келді

10.04.2024

Бірнеше тәуліктен бері бел жазбай су тасқынымен күресіп жатқан Қостанай өңірінде үшемдер дүниеге келді. Ерлі-зайыпты Жалғас пен Ақшагүлдің үшемнен басқа 5 баласы бар. Үлкені 18-де, кішісі екіде. Үшемдердің дүниеге келуі тек, бір әулет емес, табиғи апатпен күресіп жатқан күллі өңір үшін үлкен қуанышқа айналды. Сондықтан бүгін үшемдерді перзентханадан шығару рәсіміне тек, туған-туыстары емес, қала басшылары да келді.

Көпбалалы отбасына 2020 жылы көлемі 58 шаршы метр үш бөлмелі үй жалға беріліпті. Он адамға бұл баспана тарлық етері анық. Қала басшысы үшемдердің ата – анасын құттықтай келе, оларға аумағы 109 шаршы метр болатын, үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Айта кетейік, Қостанайда соңғы 10 жылда 6 ана дүниеге үшемдер әкелген.

 Ақшагүл Әбдірахманова, үшемдердің анасы:

Егіздер бар нағашылар жақтан.Жолдасымның нағашылары жағынан бар.Үшеу болған жоқ.Өте қуаныштымын.Осындай жақсылықтар бәріңізде болсын.Барлықтарыңызға жұғысты болсын.Айт қабыл болсын.

Борис Аутенов, облыстық аурухананың бас дәрігері:

Бұл бізде өте сирек кездесетін жағдай. Дүниеге келген үшемдер екі ұл, бір қыз. Балалардың да, анасының да денсаулығы жақсы. Бүгін үйлеріне шығарылып жатыр. Енді тұрғылықты жеріндегі дәрігердің бақылауында болады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу