Қуандық Бишімбаевқа қатысты сотта, куәгерлерден жауап алу аяқталды. Осылайша, қылмыстық іс материалдарын зерттеу басталады. Жалпы бүгін сот процесі басталысымен, марқұм Салтанат Нүкенованың құрбылары мен бұрынғы әріптестері куәгер ретінде тындалды. Салтанаттың оларға жазған хаттары оқылды. Марқұмның көмекшісі болып жұмыс істеген куәгердің сөзінше, Салтанаттың мойнында жіптің ізі мен қылқындыру белгілері болған. Бұған қоса, денесі үнемі көгеріп жүретін деді. Куәгер бұл сөзіне дәлел ретінде, фотосурет көрсете алатынын алға тартты.
Анар Тасова, куәгер:
Бетінен соққы ізін байқамадым. Мүмкін, ол боянып алғаннан кейін де шығар. Бірақ мойнының сол жақ бөлігінде жіптен із болды. Тіпті екеуміз бірге түскен фотосурет те бар. Сол суретте де көрініп тұр. 5 шілдеде Салтанат екеуміз селфи жасағанбыз. Едәуір үлкен, көгерген іздер. Қорқынышты болды.
Сондай-ақ, сот барысында Бишімбаевтың адвокаты Ресей ұлттық медицина университеті мен Ресей Федерациясы денсаулық сақтау министрлігінің сараптамасын қайта қарап, бұл деректерді қылмыстық іске қосуды сұрады. Судья қорғаушының бұл өтінішін қанағаттандырды.
Динара Жарқынбек