Жамбыл жерінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Ел бойынша бір мезетте басталған ағаш отырғызу науқаны бес аптаға созылады. Ерекшелігі - әр апта белгілі бір тақырып аясында өтпек. Бұл жолғы жетікүндік шараға 30 мыңға жуық жамбылдық қатысты.
Ағаш отырғызу акциясы алдымен Тараз қаласында басталды. Науқанның алғашқы аптасы «Таза өлке» тақырыбында өрбиді. 13 сəуірге дейін созылатын жеті күндік аймақ саябақтарын жасылдандыруға бағытталған. Қолын күрек ұстағандар қатарында сан саланың мамандары бар.
Бақтияр Артаев, олимпиада чемпионы:
Өзге елде немесе сырт елде жүрген кезде өз туған жеріңмен салыстырасың. Өйткені біздің туған жер расында көкпеңбек. Осыны ары қарай көк қылу үшін жылда осындай акцияларға қатысу керек және бүкіл отандастарымды осыған шақырамын.
Ерекше экологиялық шараға 100 мыңнан астам адам қатыспақ. Бес апта бойы 1300-ден аса көшені көріктендіру, аулаларды абаттандыру жұмыстары жүреді. Тарихи орындар да тазаланады.
Сауран Қалиев, қала тұрғыны:
Игі іс-шарадан қалыс қалмай, таңмен таласып ағаш ектік. Таза ел болу, таза болашақ болу – бірлігі жарасқан елдегі осындай бір үлкен игі іс-шараның басында болуды өзіміз сондай мәртебе санаймыз.
Мамыр айының ортасына дейін жалғасатын акция аясында Таразда 40 мың түп тал-дарақ отырғызылмақ. Оның 15 мыңнан астамы шаһар шетіндегі шалғай аудандарға егіледі. Сондай-ақ, 1 миллион данадан асатын түрлі гүл тұқымдары себілмек.
Данияр Әлімқұл