Солтүстік Қазақстанда су басуы мүмкін 200-ден астам ауыл бақылауға алынды. Бүгін өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғындар қауіпсіздігі бірінші орында тұрғанын айтып, үндеу жолдады. Әріптесім Эльмира Кәленова су басқан аймақтан тікелей байланысқа шығып тұр.
Эльмира Кәленова, тілші:
Біз аудан орталығы Явленка ауылынан тікелей байланысқа шығып тұрмыз. Өйткені су басқан ауылдарда интернет байланысы нашар. Ал мына кадрларды күндіз түсірген едік. Солтүстіктегі ең үлкен қауіп Есіл өзенен төніп тұр, себебі деңгейі тез көтеріліп жатыр. Төтенше жағдай қызметі өзеннен келіп жатқан суды өткізу үшін жолды бұзуға мәжбүр болды. Сонымен қазір республикалық маңызы бар Петропавл Жезқазған тас жолының 872-ші шақырымы жабылды. Егер жолды бұлай қазбаса, су Покровка ауылын басып қалуы мүмкін. Көпір жабық болғандықтан көліктер айналма жол арқылы қатынай алады. Ал су басқан аймақта полиция қызметі тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Соңғы ақпаратқа сай облыс бойынша 7 елдімекендегі 76 үйге су кірген. Біз барған Покровка ауылында да қарбалас. Тұрғындар 3 күннен бері қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Әкімдік өкілдерінен сұхбат жазған едік, режиссердан экранға шығаруын өтінсек.
Темірболат Бүркітбай, Есіл ауданы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:
Қазіргі басты мақсат – жаңағы тұрғындары суы жоқ жерге көшіру, эвакуациялау. Ұлытау облысынан, жергілікті атқарушы органдардан жалпы алғанда 80 адам, 20 шақты техника жұмыс істеп жатыр.
Қазір Покровка, Петровка және Николаевка ауылдарында жағдай күрделі. Бұл тасқынның бірінші толқыны. Әлі екіншісі болады деп күтілуде. Топан су апта соңына дейін Петропавлға жетеді деген болжам бар. Сондықтан қазір қалада күндіз-түні тасқынның алдын алуға дайындық жүріп, тұрғындар мен жануарлар эвакуацияланып жатыр. Су тасқынына байланысты Петропавл қаласы мен Тайынша, Есіл және Қызылжар аудандарында төтенше жағдай жарияланды.
Эльмира Кәленова