Жер бетіне қатқан тоң жақында ерімейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер бетіне қатқан тоң жақында ерімейді

10.04.2024

Жер бетіне қатқан тоң, әлі ерімейді. Қазгидромед осындай болжам айтты. Кей өңірлерде, топырақтың беткі қабаты 1,5 метр тереңдікке дейін қатып жатыр. Олар жібімейінше, қызыл су жерге сіңбейді. Синоптиктер, алдағы күндері ауа райы да, қолайсыз болады деп болжап отыр.

Жердің тоңы жібуі үшін бірнеше күн қатарынан жылы болуы керек. Ал, қазгидрометтің алдағы 5 күнге жасаған болжамында ауа райы құбылмалы болады. Тіпті, су тасу қаупі сейілмеген өңірлерде жаңбыр жаууы ықтимал.

Алина Исмагулова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:

Бүгінгі жағдай бойынша топырақтың қатуы Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының солтүстігінде сақталып отыр. Кей өңірлерде тоңның қалыңдығы 1,5 метрге дейін жетеді.

Ал гидролог мамандар топан суға қалың қатқан тоңнан өзге де факторлар әсер еткенін айтады.

Саят Әлімқұлов, гидролог:

Осы жағдайда қар да қалың түсті. Гидрологияда көктемнің судың мол қалыптасуына мүмкіндік беретін барлық жағдайлар тоғысып бірдей орын алған кезде орысша дружность весны дейді. Солардың бәрі тоғысып қалды.

Бұл саланы бұрыннан зерттеп жүрген маман Әмірхан Кеншімов мұндай жағдай енді жиі қайталануы мүмкін деген байламға келген. Оған себеп – ғаламдық жылыну.

Әмірхан Кеншімов, гидролог:

Мұхиттың сулары, теңіздің сулары жылыған сайын, циклондар көбейе береді. Циклондардың күші көбейе береді. Содан кейін әр жерде әр жерде қатты жаңбыр жауады, қар жауады, бұршақ жауады, жерлерді топан су басады. Осындай апаттар толып жатыр.

Қазгидрометтің мәліметінше, 12 сәуірге дейін осындай ауа райы сақталады. Солтүстік өңірлерде жауған жаңбыр қарға ұласады. Қатқақ, көктайғақ болады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу