Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы ТҮРКСОЙ су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан халқына қаржылай көмек көрсетеді. Мұны ұйым бас хатшысы Сұлтан Раев мәлім етті. Ол: «Біз Қазақстанмен біргеміз! Кейбір өңірлерін су басты. Бұл апаттан ел экономикасы зардап шекті. Сіздің қасіретіңіз – біздің қасіретіміз», - деді.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысына бауырлас Қырғыз елінен 80 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Аманатты арқалаған 28 адам үш мың шақырым жол жүріп келген. Оларды Жайық жұртшылығы зор ризашылықпен қарсы алды. Облыс басшылығы гуманитарлық көмекті бастап келген құтқарушыларға «Қырғыз еліне Батыс Қазақстан халқының атынан мың алғыс» деген жазуы бар домбыра тарту етті. Сын сағатта алғаш болып көмек қолын созған ағайын қазақ еліне жалпы 300 тонна халықаралық гуманитарлық көмек жіберді. Олар төрт облысқа бөлінді. Көліктерде азық-түлік, төсек-орын, кереует секілді тұрмысқа бірінші кезекте қажетті заттар бар. Келген жүк арнайы белгіленген орынға түсіріліп, жиналды. Тізімі жасалып, есептеліп, су басқан аудандарға, эвакуациялық орталықтарға жөнелтіледі.
Замирбек Нарчаев, Қырғыз республикасы төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі:
Қырғыз елі атынан бауырлас қазақ еліне жалпы 15 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық жәрдем алып келдік. Олар төрт облысқа бөлінді. Қазір Орал қаласына келдік. Қырғыз Республикасы президентінің қазақ еліне жәрдем беру тапсырмасы негізінде көмек алып келдік. Біз қазақ-қырғыз бір туғанбыз. Қазақ елінде қандай қиын жағдай болмасын, біз жәрдем беруге әрдайым әзірміз.
Ардақ Мұратқызы