Үкімет басшысы тұрғындарды әлеуметтік қолдау жөнінде тапсырма берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы тұрғындарды әлеуметтік қолдау жөнінде тапсырма берді

09.04.2024

Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқыны салдарын жою шаралары жөнінде кеңес өткізді. Үкімет басшысы вице-премьер бастаған әлеуметтік блок министрліктеріне төтенше жағдайға тап болған тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Жиын барысында эвакуациялау пункттерінің жұмысын қолдауға ерекше көңіл бөлу керектігі және қараусыз қалған үйлерді жіті күзету қажеттігі айтылды. Өңірлердегі жағдай тұрақталғаннан кейін аумақтар тазартылып, дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілмек. Бұдан бөлек, жануарлардың өлексесін жинау мен жоюды жедел аяқтау тапсырылды. Ал, инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жеке тұрғын үйдің үлгілік жобасы әзірленуде. Бұл ретте, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына баса мән беріледі. Төтенше жағдай жарияланған аймақтарда 130-дан астам мектеп қашықтан оқыту форматына көшірілген. Бірақ эвакуация аймақтарындағы балалардың оқу процесі үзіліп қалды. Сол себепті, үкімет басшысы оқу-ағарту министрлігіне мектеп оқушыларын ағымдағы емтихандар мен сынақтардан босатуды тапсырды. Сонымен қатар оларға жоғалтқан уақыттарының орнын толтыруға әрі қарай да көмек көрсетілмек.


Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары:

Бастауыш сынып оқушылары, яғни, 1-4 сынып арасындағы балалар ата-аналарымен бірге сауықтыру орталықтары мен лагерлерге орналастырылып, олардың білім алуына барлық жағдай жасалады. 5-8 сынып оқушылары мектеп интернаттарына және жоғары сынып оқушыларын колледж, жоғары оқу орындарына орналастырамыз. Су тасқыны мен қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша балалардың білім алуна және жазғы демалысқа шығуына мүмкіндік беріледі.

Хабарламаларға жазылу