Эвакуацияланған 15 мың адам жеке тұрғын үйлерге орналасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эвакуацияланған 15 мың адам жеке тұрғын үйлерге орналасты

09.04.2024

Маңғыстаулықтар Жылыой ауданынан эвакуацияланған тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Тіпті қарапайым халық оларды жеке үйлеріне кіргізіп, жағдайларын жасауда. Қазір Бейнеу ауданында 15 мыңнан астам адам жеке тұрғын үйлерге орналасқан. Аягөз Оралбайқызы аймақтағы ахуалды баяндасын.

Бейнеу ауылының тұрғыны Тілектес Нұрмағанбетова Құлсарыдан бала-шағасымен келген 8 отбасын үйінде паналатып отыр. Игі іске үй-іші түгел жұмылған. Олар 30 шақты адамды үш мезгіл аспен, жылы орынмен қамтыды.

Тілектес Нұрмағанбетова, Бейнеу ауылының тұрғыны:

Мынау ел басына күн туғанда қарап қалмаймыз ғой қай қазағымыз да. Қонақжайлылық деген, кең пейіл сондай ниеттермізді білдіріп жатырмыз. Осы мынау екі қатар үй, асты үсті толы. Бос бөлме жоқ. Тіпті ағайын болмағанда да былай өзіміздің қазағымыз келсе де құшағымыз ашық. Бәрін қабылдай береміз.

Тілектес Нұрмағанбетованың үйінен пана тапқандардың бірі - Құлсарылық Гүлнар Ботаева. Тасқынның салдарынан оның баспанасына су кірген. Сол кезде ол мүмкіндігі шектеулі жолдасымен және немерелерімен маңғыстауға эвакуацияланды. Ал ересек балалары Құлсарыда қалып, бөгет жасау жұмыстарына атсалысуда.

Гүлнар Ботаева, Құлсары қаласының тұрғыны:

Маңғыстау халқының адамгершілігіне, қонақжайлылығына риза болып жатырмыз. Өте жақсы қабылдады. Тіпті еш қиындық қазіргі кезде сезініп жатқан жоқпыз. Барлығына жағдай жасап, тамағын тауып беріп, керек заттарын тауып беріп.

Соңғы 4 күнде Маңғыстау өңіріне эвакуациямен 19 мыңнан астам адам келген. Бейнеу ауданы аумағында 37 эвакуациялық пункт ашылған. Оларда екі мыңдай адам бар. Ал 15 мыңнан астам адам тұрғындардың үйлерінде.

Рахымжан Шалбаев, Бейнеу ауданының әкімі:

Кішкентай Есет ауылының өзінде екі жүз жетпіс сегіз адам бар, бірақ эвакуациялық пункт бар 100 адамдық онда ешкім жатқан жоқ. Біздің халықтың жомарттығының арқасында бір отбасы бірнеше отбасын өздеріне паналатып отыр. Бүгінгі таңда ол отбасының да иелерімен сөйлесеміз, алайда өздеріңіз білесіз қазақтың қонақжайлылығының қандай екенін, бізден гумманитарлық көмектерден үлесін сұрамай отыр.

Бейнеу ауданында эвакуацияланғандарға қоғамдық бірлестіктерден гумманитарлық көмектер келуде. Ауылдардан жеке тұрғындар да қол ұшын созып жатыр. Қоймаға жиналған заттар сұранысқа қарай, уақытша орналастыру пункттеріне таратуда. Аудан әкімінің сөзінше, азық-түлік пен қажетті заттардың 5 күндік қоры бар. Қазір республикалық резервтен қосымша қаржы бөлу маселесі қарастырылып жатыр.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу