92 жастағы әже тасқынға қарсы күресіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

92 жастағы әже тасқынға қарсы күресіп жүр

09.04.2024

92-дегі тың қария. Тасқынға қарсы күресіп жүрген Атырау облысының тұрғыны Орынша Қожиева бүкіл қазақ жұртын тәнті етті. Оның қаптарды құмға толтырып, бөгет салуға көмектесіп жатқан видеосы желіге тарап, көптің ыстық ықыласына бөленді. Ғасырға жуық өмір сүрген кейуанамен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес арнайы барып тілдесіп қайтты.

Әжейдің шапшаңдығына қарап жасы 92-де екеніне сенгің келмейді. Қапқа құм толтырып, жастармен жағаласа жұмыс істеп жатыр. Өзінің айтуынша, ел басына күн туғанда қол қусырып отыра алмаған.

Орынша Қожиева, Атырау облысының тұрғыны:

Балдарды көрген соң мен қарап тұра аламын ба?! Өзім тыпырлаған, тыным көрмейтін кісімін. Барып, амандасып тұрсам қапшықтың ауызын ашып жатыр екен. Мен енді қолымнан келетінін жасайын, қаптың ауызын ашайын деп отырып қаптың ауызын аштым.

Сол сәтте әжейді сондағы жастардың бірі видеоға түсіріп алып, желіге жүктеп жіберген. Қарияның ұлы Аманжол Қожиевтің айтуынша, анасының желіде танылып, жұрттың ыстық ықыласына бөленерін ешкім күтпеген. Өйткені еңбекпен есейген Орынша Қожиева үшін бұл үйреншікті жағдай.

Аманжол Қожиев, Орынша Қожиеваның ұлы:

Негізі ол кісі еңбектен күш алады. Өзі жастардың ортасында жұмыс істеп жүрсе… Бірақ тап осылай интернетте танылып кетеді дер ойлаған жоқпыз. Өзіміз де кейін білдік қой.

92-дегі қария өзі тұратын Бейбарыс ауылын Жайық өзенінен келетін топан судан сақтау үшін жастармен бірігіп 1000-ға жуық құм толтырылған қап дайындапты. Игі іспен көпке үлгі болған әжейге Президент алғысын білдірді. Орынша Қожиева қазір 16 немере мен 10 шөпшектің сүйікті әжесі.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу