Жайық жағасында бөгетті бекітуге барлық күш жұмылдырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайық жағасында бөгетті бекітуге барлық күш жұмылдырылып жатыр

09.04.2024

Өңірде қазір тасқынмен күрес жұмыстары қызу жатыр. 7 сәуірде Атырау облысында осыған байланысты төтенше жағдай жарияланды. Бұған дейін жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай Қызылқоға ауданында 31 наурызда, 4 сәуірде – Жылыой ауданында жарияланған еді.

Біз дәл қазір қазір Атырау қаласынан 15 шақырым жердегі Алмалы ауылының маңында тұрмыз. Жайық жағасындағы бұл елдімекенге де тасқын судан қаупі төнуі мүмкін. Сол себепті қазір мұнда одан қорғану үшін белсенді жұмыс жүріп жатыр. Арнайы бөгеттер салу қолға алынған. Мына біздің артымызда жаңадан 5 шақырым бөгет тұрғызылып жатыр. Бірнеше компанияның 40-қа жуық техникасы мен еріктілер және студенттер үш ауысыммен қызмет қылуда. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген жауаптылардан сұхбат алған едік. Соған назар салсақ.

Иә, Жайықтың жоғары жағынан, үлкен су көлемі келеді деген болжам бар. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бірнеше күн бұрын дайындалуға 15-20 күн бар деп айтқан еді. Сондықтан да жайық жұрты алапат апаттың алдын алып, тасқынға тосқын қою үшін қазір бар күшін жұмсап жатыр. Өзен бойында қауіпті 105 учаске белгіленіп, 100 шақырым жерге осындай бөгеттер салынып, бұрынғылары биіктетіліп, нығайтылып жатыр. Тасқын салдарынан үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған Құлсары халқын Атырауға, Маңғыстау облысы Бейнеу ауылына және Теңіз вахталық жұмысшылар кентіне эвакуациялау жалғасып жатыр. Теңіздегі вахташылар кентіне 7 мыңға жуық адам орналастырылған. Тұрғындар арасында Атыраудан Ақтауға, Алматыға және су тасқыны болмаған оңтүстік өңірлерге кетуге сұраныс артты. Әлеуметтік желілерде жұрт 7 сәуір күні Ақтауға және басқа да қалаларға ұшақ билеті әдеттегі құнынан бірнеше есе өсіп кеткенін хабарлады.


Хабарламаларға жазылу