Атырау облысында Жайық жағасы бекітіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында Жайық жағасы бекітіліп жатыр

08.04.2024

Атырау облысында Жайық жағасы бекітіліп жатыр. Себебі 15-20 күннен кейін көп су келіп, өзен арнасынан тасуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеген еді. Қазір аймақта жүзден аса учаскеде қызу жұмыс жүріп жатыр. Біздің түсірілім тобымыз Атырауға арнайы барған еді. Дәл қазір Жайық жағасынан әріптесім Шерхан Жамбылұлы тікелей байланыста эфирді жүргізеді. Шерхан аймақтағы ахуал қандай?

Шерхан Жамбылұлы:

Атырау облысында төтенше жағдай тәртібі сақталып отыр. Қазіргі таңда Жылыой ауданы, әсіресе Құлсарыдағы жағдай күрделі. Мыңдаған адам эвакуацияланды. Дегенмен, облыста тасқын әлі де болуы мүмкін. Себебі Жайық өзеніне көршілес Ресейден көп су жіберіліп жатыр. 

Жайықтың жағасында қауіпті деген 105 учаске белгіленді. Ауылдардың маңында бөгеттер 4-5 метрге дейін биіктетіліп жатыр. Бұдан бөлек жаңа бөгеттерді салу қолға алынды.

Күндіз біз Алмалы ауылының жанындағы осындай жұмысты көзбен көріп, сюжет те ұсындық. Ол жерде 5 шақырым бөгет салынып жатыр. Қызу жұмыс. Бір күнде 2 мыңдай адам, оннан астам ауыр техника жұмылған. Жалпы Атырау облысы Жайық бойындағы бөгеттер ұзындығы 100 шақырымнан аспақ. Бұл Индер мен Махамбет аудандары және Атырау қаласының аумағы. Алдағы екі аптада аймақ қызу қамданып, алапат апаттың алдын-алуға осылайша бар күшін салмақ.

Ал біз қазір Атырау қаласының шеткі ауданында тұрмыз. Мұнда да қапшықтар төселіп, жаға бекітіліп жатыр. Дәл қазір Атырауда ауызашар уақыты болып қалғандықтан қазір мұндағы жігіттер тынығып, дәм тату үшін үзіліс алды. Одан кейін олар түн жарымға дейін жұмысты жалғастырмақ.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу