«Қиындықта ел бірге» акциясы жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қиындықта ел бірге» акциясы жалғасып жатыр

08.04.2024

2 сәуірден бері, елордадан тасқыннан зардап шеккен Қостанай, Орал, Ақтөбе облыстарына 6 жүк көлігі жіберілген. Гуманитарлық көмек жинау акциясы әлі жалғасып жатыр. Дені - төсек орындар, гигеналық заттар, азық-түлік әкеліп өткізуде. Еріктілер күрек пен резеңке етік жетіспей жатқанын айтады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бастамашы болған шараға астаналық тұрғындар мен мыңдаған ерікті белсенділік танытып жатыр. Халықтың әкелген гуманитарлық көмектері сұрыпталып, 2 жүк көлігі Атырау қаласына аттанды.

Ілияс Отаров, «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкері:

Атап айтқанда Арқалыққа 2 фурамыз жетіп қойды. Ақтөбеге 3-ші жүк көлігі кетті. Оралға 1-еу кетті. Атырауға 2 жүк көлігіміз бас аяғы 8 болды қазір. Жоқ дегенде 8 камазға мыңдаған адам көмектесіп жатыр. Алып келіп жатқандар одан да көп. Жүздеген көлік келіп кетіп жатыр.

Акция туралы тұрғындар телеарналар мен әлеуметтік желіден көріп, көмек беруге асыққан. Ерікті түрде қажетті заттарды әкеліп жатқандар күннен күнге көбейген. Қол ұшын созамын деген азаматтардың санында шек жоқ.

Күлшара Жакина, тұрғын:

Қалада тұрамыз, жаңалықтан естіп, сол енді көмек болсын деп әкеліп жатырмыз. Жөргек әкелдік, дүкеннен балаға киім сатып алдық, барлығы жаңасын. Сосын біз ақшадай да көмек беріп жатырмыз, пітір де беріп жатырмыз. Былай салып жатырмыз телефондарға.

Еріктілердің айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі киім-кешек әкеліп жатыр. Алайда, азық-түлік пен күрек, резеңке етік көптеп керек, дейді.

Ғарифолла Жұмаділов, волонтер:

Негізі кісілер көп келіп жатыр. Көбіне киім-кешек әкеліп жатыр. Негізі киім-кешектен гөрі, азық-түлік болса, қапшық, күректер болса, резеңке етік, жөргек сияқты заттар керек болып тұр.

Қайырымдылық жобасы бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанаұлының бастамасымен жүзеге асып отыр. Елдегі жағдай тұрақталмайынша игі бастама жалғаса береді.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу