Атырау облысында қауіпті учаскелерде бөгеттер салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында қауіпті учаскелерде бөгеттер салынып жатыр

08.04.2024

Атырау облысында Жайық жағасы бекітіліп жатыр. Себебі 15-20 күннен кейін көп су келіп, өзен арнасынан тасуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеген еді. Қазір аймақта жүзден аса учаскеде қызу жұмыс жүріп жатыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бұл бөгет көптің күшімен бірнеше күннің ішінде салынды. Әлі де қызу жұмыс жүріп жатыр. Мына тұста үш мыңнан астам тұрғыны бар Алмалы ауылы. Ал қарсы бетте Жайық өзені. Су тасыған жағдайда осе жер қорған болуы тиіс.

Тау боп үйілген топырақ беті полиэтиленмен қапталып, үстінен қаптар қойылмақ. Тек осы жердің өзінде 5 шақырым бөгет салынады. Үш ауысыммен жүріп жатқан жұмыс апта соңына дейін аяқталуы тиіс.

Тек осы жерде оннан астам ауыр техника жұмылдырылған. Бұл мердігер компанияның көмегі. Қарбалас жұмыс дамылсыз жүріп жатыр. Жұмысшылардың сөзінше, күніне мыңға жуық рейс жасалып жатыр.

Иә, жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қаптарға құм-топырақ толтыру үшін қолдың күші қажет. Мұнай компанияларының қызметкерлері, әскерилер мен еріктілер бір кісідей атсалысып жатыр.

Облыс бойынша жалпы 105 қауіпті учаске бар. Яғни, жүз шақырым. Бұл Индер мен Махамбет аудандары және Атырау қаласының аумағында. Қазір осы аумақтарда қызу жұмыс жүріп жатыр.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу