Ақмола облысындағы 5 ауданда жағдай тұрақталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы 5 ауданда жағдай тұрақталды

08.04.2024

Ақмола облысындағы 5 ауданда су тасқынына қатысты ахуал тұрақталды. Өңір әкімдігінің жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Марат Оспановтың сөзінше, шұғыл әрекеттің нәтижесінде 5 мыңнан астам тұрғыны бар 25 елдімекенде су басу қауіпі сейілді. 18 мың бас мал уақтылы эвакуацияланған. Ал Есіл, Жарқайын және Шортанды аудандарында жағдай әлі күрделі. Сонымен бірге, Жабай және Колутон өзендерінің де тасу қаупі бар. Қазір тасқын сумен күреске өңір бойынша 2 500 адам мен 1000-нан астам техника жұмылдырылған.

Марат Оспанов, Ақмола облысы әкімдігінің Жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы:

Жергілікті тұрғындар шетте қалмай, құтқарушыларға инертті материалы бар қапшықтарды төсеу кезінде көмек көрсетуде. Жалпы, су тасқынға қарсы шаралар жалғасуда және ерекше бақылауда.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында 262 елдімекенге әлі де қауіп төніп тұр. Төтенше жағдайлар департаментінің орынбасары Мұрат Қанғожиновтың дерегінше, Сергей су қоймасы 180 пайызға толған. Бұл қалыпты нормадан 2 есе көп. Салдарынан Есіл өзені маңында орналасқан 3 аудан мен Петропавл қаласына су басу қаупі бар. Қостанай облысында да жағдай күрделі. 6 елдімекенде төтенше жағдай жарияланған. Арнайы комиссия қазір Арқалық және Амангелді аудандарында шығынды есептеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал Қостанайда Тобыл өзенінің су дегейінің көтерілуіне байланысты 7 саяжайда құтқару жұмыстары жүргізілді. Бір тәулікте 2 300-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Асылбек Садуов, Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары:

Негізі бізде Тобыл өзені әлі күнге дейін бақылауда. Себебі, Қаратомар, Желқуар қоймалары, Амангелді қоймалары сол жақтан су әлі күнге дейін келіп жатыр. пайыз бойынша айтатын болсақ, бүгінге дейін ол қоймалар 99 пайыз толып жатыр.


Хабарламаларға жазылу