Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында төтенше жағдай жарияланды

08.04.2024

Ақтөбе облысының тағы бір ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Бұл жолы жұртшылықты Ырғыз ауданында ахуал алаңдатып отыр. Себебі, Тәуіп бөгетін су бұзып кеткен. Ал облыс орталығына қарасты Садовое және Ақжар елді мекендеріне де су келді. Аймақтан Жақсыбек Кемал тікелей байланысқа шығып тұр. Жақсыбек, соңғы ақпараттармен бөліссеңіз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Соңғы тәуліктерде Қарғалы су қоймасынан келген су Ақтөбе қаласының іргесіндегі саяжайлар мен Ақжар, Садовое елді елдімекендерінің тұрғындарын әуреге салып жатыр.

Өйткені, өзен суы арнасынан асып, ондаған баспана судың ортасында қалды. Қазір біз Садовое ауылында тұрмыз, бұл жерде 10 шақты үйге су жайылған. Мұнда құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың мамандары жұмыс істеп жатыр. Қазірге дейін 143 адам эвакуацияланды. Олардың көбі туыстарының үйіне кеткен. Басқалары тасқынның алдын алу жұмыстарына кіріскен.

Сағат Оразов, ауыл тұрғыны:

Су деңгейі таңғы сегізден бастап көтерілді ғой. ТЖМ келді, мына жақты эвакуация жасап алып кетті адамдарды. Қапшықтармен таңғы алтыға дейін жүрдік көмектесіп. Солдаттар бар, арт бригада бар. Су кетіп жатқан жерлерді бітеп жатыр жайлап, басқа үйлерге кірмесін деп.

Бүгін Ырғыз ауданында да төтенше жағдай жарияланды. Қазір елдімекендерге қандай залал келгені анықталып жатыр. Ал облыс орталығында Қарғалы өзенінің деңгейі көтерілуіне байланысты бау-бақша ұжымдары мен жақын маңдағы елді мекендерге әлі қауіп бар.

Қазір Жилянка және Садовый елдімекендерінің тұсында судың бағытын бұру, құммен бекіту, өзен жиегін биіктету жұмыстары жалғасып жатыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу