Көкшетау қаласында су тасқынының қаупі әлі сейілмей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау қаласында су тасқынының қаупі әлі сейілмей тұр

07.04.2024

Көкшетау қаласында су тасқынының қаупі әлі сейілмей тұр. Кеше Қылшақты өзенінің деңгейі 2 метрге дейін көтерілген. Мамандардың айтуынша, бұған күннің күрт жылынып, қардың тез еруі себеп. Дәл қазір бізбен осы осы өңірдегі тілшіміз Ұмсындық Наурызбаева тікелей байланысқа шығып тұр. Ұмсындық, қазіргі жағдай қалай? Су деңгейі түсті ме?

Ұмсындық Наурызбаева, Тілші:

Дәл қазір мен Қылшақты өзенінің жағалауында тұрмын. Оның деңгейі бірсе көтеріліп, бірсе түсіп, жағдай тұрақсыз болып тұр. қалаға қауіп бар. Арнайы штаб жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Қазір өзен жағалауы үш учаскіге бөлініп барынша нығайтылуда. Қауіптің алдын-алу үшін 2 метрлік бөгет те салынып жатыр. Бұл жұмыс тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілуде. Сондай-ақ, шаһардағы су тасқынына қарсы күреске 20-ға жуық кәсіпкер де ат салысып жатыр. Олар бұл жұмыстарға арнайы техникаларын беріп, қызметкерлерін жіберген. Жалпы, қаланың қақ ортасында орналасқан өзеннің қауіпті межесі-1 метр 20 сантиметр. Кеше оның деңгейі 2 метрге дейін жетіп, өзен арнасынан асты. Бірақ, үйлерге су кірмеді. Дегенмен қауіпті аймақтарда орналасқан баспаналардың орнынан жаңа пәтерлер беру мәселесі қарастырылып жатыр.

Марат Ахметжанов, Ақмола Облысының Әкімі:

Кейбіреуі, мынау, Қылшақты судың бұрынғы ескі арнасында тұр екен. Ол енді былай қазіргі нормативті талаптар бойынша да ол жерде ол үйлер тұрмау керек. Сондықтан адамдарды шығарып, басқа баспана беру мәселесі. Ол осы заң шеңберінде отыз күн ішінде қарастырып, бір шешім қабылдаймыз.

Жалпы облыс бойынша су тасқыны қаупі әлі де жоғары. Алдағы уақытта Жабай, Нұра, Есіл және Колутон өзендеріндегі су деңгейі көтеріліп, арнасынан асуы мүмкін.


Хабарламаларға жазылу