Төтенше жағдай жарияланған 10 облыста үш мың медицина маманы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Су басқан аудандарда 300-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жүр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева мәлімдеді. Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте төтенше жағдай кезінде психологиялық көмек көрсету орталықтары ашылғаны айтылды. Онда 30 психолог тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр. Сонымен бірге, министрлік өкілі жүкті әйелдер мен балалар ерекше назарда дейді.
Әйгерім Оразалиева - ҚР Денсаулық Сақтау Министрлігінің ресми өкілі:
Су тасқыны басталғаннан бері брлық 84 жүкті әйел эвакуацияланды. Оның ішінде босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды. Балаларға медициналық көмекке келер болсақ, уақытша орналастыру пункттерінде 990 бала бар. Дәрігерлер үнемі тексеріп, балалардың денсаулығын бақылайды.
Сондай-ақ, су тасқыны болған өңірлерде ауыз су сапасына тұрақты мониторинг жүргізуде. Санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге 4 мыңнан астам су сынамасы алынған. Талдаудың нәтижесі бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтін 133 сынама анықталды. Өңірлерде санитариялық-эпидемиологиялық салауатты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда.