Қарғын судың астында қалған ауылдарға ағылған халықтың көмегі тоқтаусыз жалғасып жатыр. Түркістан облысының жұртшылығы да сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болып, жұдырықтай жұмылған бірлігімізді көрсетуде. Қазір өңірдің барлық аудан-қалаларында гуманитарлық көмек жиналып, кезегімен жөнелтілуде. Бұған дейін су басқан Мақтаарал ауданының тұрғындары да азық-түлік пен киім-кешек, көрпе-төсеніш пен тұрмысқа қажетті басқа да заттар тиелген 80 тоннан гуманитарлық көмек жинады. Жергілікті тұрғындар мен әкімдік қызметкерлері, депутаттар мен азаматтық ұйымдар, жастар мен дін қызметшілері күш біріктіріп, қиындықты ел болып еңсеруге үлесін қосты. Қайырымды істі Жетісай мен Келес аудандары жалғастырып, Ақтөбеге гуманитарлық көмек жіберді. Арнайы қорға қаражаттар аударып жатыр. Қайырымдылық істен Сайрам мен Ордабасы аудандары тұрғындары да шет қалмай, көмек керуенін жөнелтті.
Рахматулла Ермеков, Келес уданының тұрғыны:
Құдайдың салған ісі бұл, ауыртпалығы. Құдайдың сынағы. Тек бұған бірлесіп, халықты қолдаттырып, ұжымдасып, ынтымақтасып қана шығатын мәселе. Әрдайым бір-бірімізді қолдай білейік. Қолдау көрсетейік. Күшіміз әрдайым бірлікте.