Құлсары қаласынан 15 мыңнан астам адам эвакуацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсары қаласынан 15 мыңнан астам адам эвакуацияланды

06.04.2024

Құлсары қаласынан 15 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Екі мыңнан астам нысанға су кірді. Аймақтағы ахуалды толығырақ әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт жеткізеді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, Тілші:

Жағдай әлі күрделі. Жадырасын, Вахтовый, Қарағай, Болашақ, 2-ші,5-ші,4-ші ауыл, автожолшылар, Атырау ықшам ауданындағы үйлер су астында қалды. Қазір қауіпті аймақтарда қызу жұмыс жүріп жатыр. Полиция мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мекен-жайларды аралап, онда қалған тұрғындарды құтқаруда.

Жаңыл Сатмағанбетова,  Тұрғын:

4 күні бойы балам соры қайнап, қаппен топырақ тасып өлуге қалды. Үкімет көмек берсін енді мына халыққа. Қарайған дүние-мүлкіміз бәрі кетті ғой.

Төлебай Қашабаев, Тұрғын:

Топан су деген тілсіз жау ғой. Келеді де ол, білмей қаласың. Халық деген жан-жаққа көшіп жатыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, Тілші:

Тасқынға қарсы жан-жақтан көмек келуде. Теңіз кенішіндегі мердігер мекемелерден 140-тан аса арнайы техника тартылды. Бүгінде аудан бойынша өзен жағаларына 46 мың қапшық топырақ, 174 мың тонна инертті материал төселген.

Қайрат Нұртаев, Атырау Облысы Әкімінің Орынбасары:

Қазір нақты қаланы участокке бөліп, жауапты адамдарды белгіледік. Қазіргі таңда сол бағытта жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Бірінші мақсатымыз осы судың деңгейін түсіру мәселесі бойынша, екінші мәселе деңгейі түскеннен кейін суға кеткен елдімекендегі үйлердің санын шығару. Қанша үй кетті? Бұл жерде Құлсары қаласы бойынша комиссия құрылды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, Тілші:

Сонымен қатар азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар да Құлсарыға теміржол арқылы жеткізілді. Ал эвакуация жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт

Хабарламаларға жазылу