Батыс Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлене бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлене бастады

06.04.2024

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің деңгейі/ кешегіден 24 см-ге көтеріліп, 685 см-ге жетіп отыр. "ҚазСуШар" мекемесі басшыларының мәліметінше, қазір Ресейдегі Ирикли су қоймасынан Жайыққа секундына 2 170 текше метр су түсіп жатыр. Бұл су өңірге бір аптадан кейін жетеді деп болжанып отыр. Қазір, қалада су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындардың шығынын есептеу үшін арнайы комиссия құрылып, құжаттарды қабылдау басталды. Облыста, соңғы мәлімет бойынша, тасқыннан зардап шеккен 1 171 отбасы анықталды. Комиссиялар деректерді әлі де толықтырады.

Бүгінгі таңда, нақты 375 отбасына - 184 мың 600 теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Яғни, әр жанұяға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 69,2 млн.теңге өтемақы берілді. Төлемдер әлі де жалғасады. Зардап шеккендерден өтініш қабылданып, акт жасалып жатыр. Суға кеткен үйлер сарапталып, бағаланып, зерттеліп, бір ай ішінде әкімдік тиісті шешім шығарады.

Құбайдолла Ақдәулетов, «Кристалл» саяжайының тұрғыны:

Тасқын болды бізде 120 үйді су алып кетті. Мында комиссияға келген себебім, үйімнің құжаттарын тапсырып жатырмын бүгін. Жинап бәрін. Халыққа айтқым келеді, осында келіп тапсырыңдар. Кезек жоқ әзірге.

Қалияр Айтмұхамбетов, Облыс әкімінің орынбасары:

Үйлерді қайта сау мәселесі енді басқаша қаралады. Енді бірінші кезекте тиісті мамандар сол орынды зерттейді. Қай жері аласа, қай жер биік, қауіпсіз аймақты белгілеп, сол жерге салады. Басқаша болмайды.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу