Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 млн теңгенің заттай көмегін жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 млн теңгенің заттай көмегін жіберді

05.04.2024

Батыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жүректен жүрекке» акциясының аясында тасқыннан зардап шеккен аудандарға/ 30 млн теңгенің заттай көмегін жіберді. Достық үйінде арнайы штаб пен қабылдау пункті ашылды. Осы жерге этнобірлестік, қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіпкерлер, еріктілер, жағдайға бей-жай қарамайтын азаматтар азық-түлік, киім-кешек, шаруашылық тауарларын әкеліп тапсырады. Қазір жүк Бөрлі ауданына тиеліп жатыр. Бұған дейін гуманитарлық көмек Қаратөбе және Сырым аудандарына жіберілді.

Элгун Джаналиев, «Бірлік» Әзербайжан мәдени-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары:

Біз бәріміз бірігіп, жұмылып, тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға қолұшын беріп жатырмыз. «Апат айтып келмейді». Дегенмен, бірліктің арқасында кез келген қиындықты еңсереміз. Біздің күшіміз - бірлікте!

Ал облыстық мешіттің жанынан табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға қайырымдылық керуені ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерден жиналған азық-түлік, гигиеналық заттар көлікке тиелді. Жалпы облыс бойынша, гуманитарлық көмекті қабылдау және тасымалдау штабы құрылды. Қосымша 4 қабылдау пункті ашылды. Жан-жақтан келген көмек есептеліп, ортақ ақпараттық база құрылады.

Самат Әлібаев, облыстың бас имамы:

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен осы су тасқынынан зардап шеккен ағайындарға қарайласуды үндеп жатырмыз. Қазақ қай кезде бірігеді осындай қиындық кезде баршасы бірге болып, бірге жәрдемдессе деген ниеттімізді білдіріп жатырмыз.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу