Жарты миллиард теңге. Белді компаниялар су тасқынынан зардап шеккендерге осынша қаражаттан аударып жатыр. Тек ірі компаниялар ғана емес, кәсіпкерлер де 100 миллиондап қаржы бөлуде. Елдегі жағдайға бей-жай қарамаған бизнес өкілдері әріптестерін осы қиын сәтте шетте қалмай, халыққа көмек қолын созуға шақыруда.
Осындай қиын сәтте халқының жағдайына бей-жай қарамаған кәсіпкердің бірі – Ерлан Қожасбаев. Ол өзінің екі серіктесімен бірігіп, тасқыннан зардап шеккендерге 100 млн теңге аударды.
Ерлан Қожасбаев, кәсіпкер:
Президентіміз осы сын сағатта барлық бизнес өкілдері қолдан келген көмегін аямау керек деді. Сондықтан серіктестеріммен ақылдаса келе өз үлесімізді қосамыз деп шештік. Әрине үйсіз қалған отбасыларды, суға ағып кеткен қаншама малды көрдік. Ауыр жағдай. Осындай сәтте біз бірлігімізді танытып, қолдау көрсетіп, барлық күш-жігерімізді ортаға салуымыз керек. Бұл – біздің қанымызға сінген қасиет.
Ірі компанияның қызметкерлері де халық басына түскен сын сағатта сырт айналып жатқан жоқ. «ҚазТрансОйл»-дың 5 мыңнан аса қызметкері 80 миллион теңге қаражат жинап берген.
Ғазиз Қошанов, «ҚазТрансОйл» АҚ әлеуметтік-еңбек қатынастары және жалпы мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Жиналған қаражат «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударылды. Бұдан басқа біздің компания жергілікті атқарушы органдардың сұраныстарына сәйкес, қажетті техникамен де қамтамасыз етуде.
Тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Астана Моторс», «BI Goup» компаниялары 500 миллион теңгеден аударған. Ал, «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» мекемесі 300 млн теңге бөлген. Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 сәуірде су тасқынына байланысты өткізген штаб отырысында еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырған болатын.
Самал Қабышева