Су тасқыны: Көмек жинайтын орындар көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқыны: Көмек жинайтын орындар көбейді

05.04.2024

Күш-бірлікте! Су тасқыны болған аймаққа көмек көрсету үшін бүкіл ел жұмылып жатыр. Әрбір аудан мен қалада жылу жинайтын орындар ашылды. Ал жергілікті волонтерлер клубы қайырымдылық жұмысының ауқымын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Шығыс Қазақстан облысындағы белсенді жастардың ұйымдастыруымен екі тәулікте 10 тоннаға жуық зат жиналды. Негізінен азық-түлік, жылы киім мен гигеналық заттар. Жиналған жылу Ақтөбе мен Қостанай облыстарына жіберілді.

Ал Жетісу облысындағы ірі сауда орындарында көмек қабылдайтын жерлер көбейді. Шарапаты мол іске жүк таситын көлік жүргізушілер де ат салысуда.

Әсет Әшімов, қала тұрғыны:

Ақтөбе облысы Ойыл ауылында өзіміздің достарымыз бар. Газель айдайды олар да. Солармен хабардамыз. Жағдайлары қандай болып жатқанын естіп жатырмыз. Сонымен сол жаққа жіберейік деп шештік. Тағы да ұйымдастырып, Шығыс Қазақстан облысына көмек көрсетуге тырысамыз.

Қарағандыда тасқыннан зардап шеккен елдімекендерге облыстық мешіт жылу жинап жатыр. Шопа, Ақсу ауылдарына азық-түлік пен киім-кешек жеткізілді. Жалпы алғанда 80 отбасыға қажетті заттар үлестірілді.

Ал Түркістан облысындағы, Мақтаарал ауданының тұрғындары 80 тонна гуманитарлық көмек жинады. Қайырымды істі Жетісай, Келес, Сайрам, Ордабасы аудандары жалғастырып жатыр.

Рахматулла Ермеков, Келес ауданының тұрғыны:

Құдайдың салған ісі бұл, ауыртпалығы. Тек бұған бірлесіп, халықты қолдаттырып, ұжымдасып, ынтымақтасып қана шығатын мәселе. Әрдайым бір-бірімізді қолдай білейік. Қолдау көрсетейік. Күшіміз әрдайым бірлікте.

Қостанай, Ақтөбе, БҚО облыстарына көмек керуені күндіз-түні жөнелтіліп жатыр. Жұдырықтай жұмылған жұртшылық қиын сәтте ауызбірлішік танытуда.

Тәуірбек Борзекен


Хабарламаларға жазылу