Қостанай облысындағы Тобыл өзені арнасынан асуы мүмкін. Осы өзеннің бойындағы Жоғарғы Тобыл және Қаратомар қоймалары әні-міне суға толады. Сондықтан 1-2 күн шамасында Қаратомар қоймасынан жіберілетін су көлемін секундына 2500 текше метрге жеткізу жоспарланып отыр. Қазір бізбен өңірдегі тілшіміз Дәуренбек Әбдібек тікелей байланыста. Дәуренбек, қоймалардан жіберілетін су көлемінің көбеюі қаншалықты қауіпті?
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Жоғарғы Тобыл және Қаратомар қоймаларының екеуін қоса алғандағы сиымдылығы 2 млрд текше метр. Ұзақ жыл бойы олардың тең жартысы бос тұрды. Енді биыл сол үлкен қоймалардың өзі толып кетеді деген болжам бар. Мамандардың айтуынша, қазір Қаратомарға секундына 2900 текше метрге дейін су келіп жатыр. Сондықтан үлкен апатқа жол бермес үшін жіберілетін су көлемін секундына 2500 текше метрге көбейту туралы шешім қабылданды. Мұндай жағдайда Рудный қаласы мен Юбилейный, Перцев ауылдарының шеткі көшелерін су басуы мүмкін. Қостанай қаласында өзен жағасындағы саяжайлар мен тұрғын үйлерге, бизнес нысандарына да қауіп төнеді. Жергілікті атқарушы органдар мен күштік құрылымдарға жедел түрде алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 300-ден аса адам тартылған. Олардың қатарында еріктілер де бар.
Қазір Әйет өзенінің бойындағы Бейімбет Майлин, Денисчов аудандарындағы елдімекендерге су кіру қаупі бар. Тұрғындар эвакуацияланып жатыр.
Дәуренбек Әбдібек