Олжас Бектенов: Құжаты жоқ үйлер де қалпына келтіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олжас Бектенов: Құжаты жоқ үйлер де қалпына келтіріледі

05.04.2024

Су тасқынынан зардап шеккен үйлердің барлығы қалпына келтіріледі. Құжаты жоқ баспаналар да назардан тыс қалмайды. Ақтөбе облысына арнайы барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов осылай деді. Онымен қоса салықтық жеңілдіктер, несие төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндіктері де қарастырылып жатыр.

Алдымен Олжас Бектенов өңірдегі ахуалды әуеден барлады. Қауіп әлі сейілмеген. Өзендердің көпшілігі тасуға шақ тұр. Ағын су арнасынан асса тағы 6 ауыл су астында қалуы мүмкін. Сондықтан Премьер-Министр штаб отырысын өткізіп, барлық жұмысты ширатуды тапсырды. Ең әуелі судың бетін қайтарып, қалпына келтіру жұмыстарына дереу кірісуіміз керек, деді ол.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Мемлекет басшысы тиісті тапсырмалар берді. Су басқан үйлердің барлығы қалпына келтіріледі. Құжаттары болсын, болмасын. Оған қарамаймыз. Ешкім де баспанасыз далада қалмайды. Тұрғындар тезірек үйіне оралу керек. Шығындарды есептеу жұмыстарын кешіктірмей қазірден бастау керек.

Апаттан абдырап қалған азаматтарға қаржылық жеңілдіктер де жасалатын болды.

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы Министрі:

Банктер мен микро қаржы ұйымдары халықтың несиелерін 3 айға шегереді. Осы уақыт аралығында өсімпұл да айыппұл да жүрмейді. Банктерге барудың да қажеті болмайды. Бәрі автоматтандырылған. Тек зардап шегушілердің тізімін жергілікті әкімдік беруі тиіс. Кәсіпкерлерге де арнайы жеңілдіктер қарастырып отырмыз.

Олжас Бектенов су басқан елдімекендерді жаяу да аралап, үйлердің жай-күйін көрді. Тұрғындардың баспаналарын қалпына келтіру және басқа да қосымша қолдау шараларын көрсетуге қатысты сұрақтарына жауап берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Мен арнайы келіп отырмын ғой. Президенттің тапсырмасы бар. Қаражат бар. Бюджетте де. Бюджеттен тыс та көздер бар. Сондықтан уайымдамаңыздар. Бәрін қалпына келтіреміз. Комиссия құрылып, бәрін есептейміз.

Мұндай апатты алғаш көрген ақтөбеліктер дереу көмекке келген мемлекеттік мекемелерге алғысын айтты.

Бибінұр Шүкірова, облыс тұрғыны:

Бұрын-соңды бұндай су тасқыны болған жоқ. Осы биыл көріп тұрғанымыз. Осы жерде 20 жылдан астам тұрып жатырмыз ғой. Бұндай болған жоқ.

Кенжегүл Әбдіғалиева, облыс тұрғыны:

Судың деңгейі осы жылы көп болды. Су қатты келді. Құтқарушыларға көп-көп рахмет айтамын.

Алмагүл Жасқайратқызы, облыс тұрғыны:

ТЖМ-ға рахмет. Бізді дереу мектепке орналастырып, көмек беріп жатыр. Бір апта бойы барлық жағдайымызды жасап, оқу процесін бұзбай балаларымызды оқытып жатыр.

Өңірде шығынды өтеу комиссиясы да жұмыс істейді. Үш күн ішінде комиссияға материалдық шығындарды өтеу туралы 1600-ден астам өтініш түскен. Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов су тасқыны салдары жойылғаннан кейін өңірдегі барлық гидротехникалық құрылыстарда толық тексеруді тапсырды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу