СҚО-да 28 жол учаскесін су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да 28 жол учаскесін су басты

05.04.2024

Cолтүстік Қазақстан облысында 28 жол учаскесін су басып қалды. Қауіпті аймақта полиция қызметкерлері тәулік бойы бақылауда. Уәлиханов ауданындағы Қаратал ауылына апарар жолды су шайып кетті. Жауапты органдар тұрғындарды күнделікті керек-жарақпен қамтамасыз етуде. Елді мекенде құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Кеше түнде Шал ақын ауданындағы Сергеев су қоймасы арнасынан асқан болатын. Есіл өзеніне жақын орналасқан 30 елді мекенді су басу қаупі бар. Өңірдегі шағын өзен-көлдерде де су деңгейі біртіндеп көтеріліп жатыр.

Қымбат Мерғалымова, «Қазгидромет» РММ СҚОФ директоры:

Қардың биіктігі 10 сантиметрге жетеді. Ал жердің беткі қабаты 1,5 метрге дейін қатып жатыр. Қар суы өзен-көлдерге құяды. Мұз көбесі сөгіле бастады. Мәселен Ғабит Мүсірепов ауданандағы Тоқсан би ауылының маңындағы өзенде екпінді мұз көшкіні жүріп жатыр. Тұрғындарға қауіп төнсе, алдын-ала ескерту жасаймыз.

100-ден аса адам қауіпсіз жерге жеткізілді

Ал Қостанай облысында Қарасу өзенінің деңгейі көтеріліп, Қарамырза ауылынан 100-ден аса адам эвакуацияланды. Облыс бойынша осы уақытқа дейін қауіпті аймақтардан 1 жарым мыңға жуық адам эвакуацияланған. Апаттық құтқару жұмыстарына 2 мыңға тарта адам жұмылдырылды. Жергілікті билік елді мекендерді су баспауы үшін қажетті шараларды жүзеге асырып жатыр.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу