Ұялы байланыс тарифтері жыл басталғалы 6 пайызға өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұялы байланыс тарифтері жыл басталғалы 6 пайызға өскен

04.04.2024

Ұялы байланыс тарифтері жиі өзгереді. Соңғы 3 жылда баға 60%-ға, ал бір жылда 12%-ға өскен. Бұл – Ұлттық статистика бюросының дерегі. Бұқара бағаға сапа сай емес деп шағымданды. Осы салада қызмет көрсететін компанияр қашан тексеріледі, бағаға тосқауыл қойла ма? 

Ұялы байланыс тарифтері жыл басталғалы 6 пайызға өскен. Ал соңғы 1 жылда 12%-ға қымбаттапты. Қазір ең арзан тариф 5 мың тг-ден кем емес. Бұқара сапалы интернет жоқ дейді. Бағасына сай емес деп отыр

Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, елімізде интернет сапасы әлдеқайда жақсарып келеді. Десе де, биыл министрлік ұялы байланыс операторларына сапасыз қызмет көрсеткені үшін 3 миллиард 288 миллион теңге айыппұл салды. Бюджетке «заңнамада көзделген жеңілдікті ескере отырып» барлығы 1 млрд 644 млн теңге төленді. Ал, құнын қадағалауға бойынша ведомвто қауқарсыз, құзыры шектеулі. Өйткені, монополистер компания шығынына орай бағаны өздері белгілейді.

Азамат Серіктаев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма сарапшысы:

Енді тариф жағына келетін болсақ, қазір біз енді нарықтық экономикадамыз ғой, бізде байланыс туралы заң бар. Сол байланыс туралы заңның 29 бабына қарайтын болсақ, бізде байланыс операторлары ол өзінің тарифтық жоспарларын және басқа да даму жоспарларын дербес айқындайды. Яғни, біз оған қатыспаймыз. Олар өздерінің кеткен шығындарына байланысты, яғни өздерінің дамуын да және де тарифтық жоспарларын да олар өздері дербес айқындайды.

Иә алпауыт ұялы байланыс операторы баға инфляцияға тікелей байланысты деп қосты. Компания шығындары, жабдықтарды жаңарту және 5G желісін іске қосу сынды мәселелерден тариф тұрақтамай тұр.

Ұялы байланыс кәсіпорны соңғы үш жылда 220 миллиард теңгеге шығындалды. Ол базалық станцияларды күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалды. Сондай-ақ, компания абоненттері көбейіп, интернет сапасына да әсер етті. Тұтынушыларға жақсы қызмет көрсету үшін жаңа IT жүйелер қажет болды. Сондықтан, 3 жыл ішінде базалық станциялардың саны 90%-ға өсті. Интернет сапасын әлі де жақсарту мақсатында жүйелі жұмыс істеп жатырмыз. Бағаның көтерілуіне байыппен және үлкен жауапкершілікпен қараймыз.

Оператор ақпарынша, соңғы бірнеше жылда интернет қолданушыларының қатары айтарлықтай көбейген. Сәйкесінше, бұл сапаға әсер етіп отыр. Ал, сапаны жақсарту үшін біршама қаражат бөлінетінін еске салды.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу