Батыс Қазақстан облысында Теректі, Бәйтерек, Бөрлі аудандарында тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жалғасып жатыр. Өңірде алдын ала 219 эвакуациялау орталығы дайындалды. Теректі ауданындағы Ұзынкөл су қоймасы қарғын суға толып, бөгеттің бетін су шайды. Сондықтан Ұзынкөл, Барбастау, Жаңаөмір, Шаған, Юбилейное ауылы тұрғындары мал-мүлкімен бірге қауіпсіз жерге көшірілді.
Бір тәулікте барлығы 1500 адам эвакуацияланды. Олардың 700-ден астамы бала. Бұл іске Батыс Қазақстан және Маңғыстау облысының күш-құралдары, жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаментінің қызметкерлері жұмылдырылды. Қазір эвакуациялық орталықтарда мыңнан аса адам тұрып жатыр. Олар ыстық тамақ, дәрі-дәрмек, жатар орынмен қамтылған.
Өңірде Шаған өзені шекті деңгейден асып, бірнеше саяжайға су жайылды. Қаламен қоса, Бәйтерек ауданының елді мекендерін де су басу қаупі төніп тұр. Қазір өзен жағасын бекіту жұмысы күшейтілді. Бұған құтқарушылармен қатар, еріктілер тобы, Ұлттық ұлан сарбаздары да жұмылдырылған.
Ернұр Хасан - 99250 Әскери Бөлімінің Кіші Сержанты
99/250 әскери бөлімінің 30 әскери қызметшісі Бәйтерек ауданында, тағы 30-ы осы Аз ауылында төтенше жағдай жарияланғаннан бері бөгет құруға және қап қаптауға көмектесіп жатырмыз. Күн-түн демей Подстепное ауылына да барып, суға кеткен адамдарды үйлерінен эвакуация жасадық.
Апаттар медицинасы орталығы көмек көрсетіп жатыр
Батыс Қазақстан облысында апаттар медицинасы орталығының мамандары тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетіп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің психологтары эвакуациялық орталықтарды аралап, зардап шеккендерге жәрдем беріп жүр. Әсіресе, балаларда жағымсыз реакциялардың пайда болу қаупін азайтуға, психикалық салдардың алдын алуға көмектесті. Мамандар жедел желіге хабарласқан тұрғындарға да кеңес береді. Жалпы Төтенше жағдай министрлігінің апаттар медицинасы орталығы еліміз бойынша 800-ден астам адамға дәрігерлік көмек берген.
Ардақ Мұратқызы