Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Батыс Қазақстанға жұмыс сапарымен барды

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстанға жұмыс сапарымен барды

Бүгін Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су басқан ауыл тұрғындарымен жолықты. Үкіметке қираған баспаналардың орнына қысқа уақытта жаңасын салуды тапсырып, тасқыннан жапа шеккендерге мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетілетінін қадап айтты. Қарғын судың астында қалған жерлерді тікұшақпен аралап, апат ауқымын көрді. Жедел штабтың отырысын өткізіп, мұндай тасқынға бұдан былай жол бермеуді тапсырды. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.

Батыс Қазақстан облысы. Тасқыннан ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі. 4 аудан мен аймақ орталығында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Ахуал әлі де қиын. Тіпті тасқынның екінші кезеңі басталды. Жағдайды өз көзімен көру үшін аймаққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келді.

Әуежайда Мемлекет басшысы бірден тікұшаққа отырып, су басқан аумақты аралады. Қазір Қаратөбе, Теректі, Бөрлі аудандары мен Оралды су жайлап жатыр. 500-ден астам үй мен 400-ден астам саяжайды қызыл су басқан. Апат ауқымы әуеден ғана емес, жерден де анық көрінеді. Мәселен бұл президент келген Қаратөбе ауылы. Аудан орталығы қарғын судың ортасында. Мұндағы Жақсыбай, Қалдығайты өзендері тасып, Қоржын сияқты бірнеше елдімекен су астында қалды. Көлік инфрақұрылымына да айтарлықтай зақым келтірді.

Досжан Маратұлы,тілші:

Арнасынан асқан өзеннің ағысы қатты. Қараңыздаршы, мына жерде көпір бар еді. Бірақ тасыған суға төтеп бере алмады. Толық шайылып кеткен. Ал арғы жақта осы Қаратөбе ауданына қарасты 8 ауыл бар. Барлығымен көлік қатынасы үзілген.

Байланыссыз қалған елдімекен тұрғындарына қазір тікұшақпен, қайықпен көмек көрсетіліп келеді. Ал құтқарушылар болса қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Тасқынмен облыста 2000 мыңдай адам, 300-ден астам техника күресу үстінде. Волонтерлар да қиын қыстау сәтте жұрттың жанында. Тұрғындардың өздері де қарап отырмай, өзендердің жайылуын тоқтатып әлек.

Досжан Маратұлы,тілші:

Қазір Қалдығайты өзенінің арнасы кеңейіп, былай қарай жайылып барады. Бұлай жалғасса, арғы жақтағы аудан орталығы Қаратөбені де қызы су басуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар міне осылай өзен жағасына қап төсеп, күшейтіп жатыр.

Тәуке Үмбетов, Қаратөбе ауданының тұрғыны:

Өзеннің арнасы ана жақта болған. Мынау енді қазір. Жылдан жылға шайып, ауылға кіруі қалды. Амал жоқ не істейміз енді? Көмегімізді беріп жатырмыз.

Жалпы облыс бойынша қазір 7 мыңдай адам қауіпсіз жерлерге көшірілген. Олар үшін 17 эвакуациялық пунк ашылған. Қаратөбе мектебінің жатақханасындағы орталық соның бірі. Мұнда Аққоз ауылдық округінің 180-нен астам тұрғыны жатыр. Көбінің үйін қызыл су қиратқан. Қобыланды Бақытұлы солардың бірі. Айтуынша топан су екі метр бөгетті жарып өтіп, ауылды әп-сәтте шайып кеткен. Ес білгелі мұндай сұмдықты көрмедім дейді.

Қобыланды Бақытұлы, Қаратөбе ауданының тұрғыны:

Содан кейін бір сағат екі сағаттың айналасында трактор да жүрмей қалды. Судың екпіні сондай күшті. Осы жасқа дейін көрмеген сулар. Үлкейген шағымызда да,жастық шағымызда да көрген жоқпыз, естіген жоқпыз.

Эвакуациялық пунктте қажетті жағдай жасалған. Барлығы азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмекпен қамтылған. Басы ауырып, балтыры сыздағандарға медбикелер жәрдем қылады.

Сағидолла Темірбеков, Қаратөбе ауданының тұрғыны:

Осы гимназия орталығына орналасқаннан бері біздің асты-үстімізге түсіп жатыр. Біз енді қарапайым жүрген адамбыз. Ауылда мал шаруашылығында жүрген киімдерімізді шешіп, осында киіндірді. Тамағы жақсы шүкір. Төрт мезгіл тамақ.

Айжан Кенжеғалиева, Қаратөбе ауданының тұрғыны:

Барсақ үйіміз көп. Бірақ елмен ауыл халқымен бірге болайық деп отырмыз. Тыныштық осындай бір бөлмені берді. Ризамыз.

Президент: Тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

Үйін тастап, бас сауғалаған жұртпен президент те жолықты. Қал сұрасты. Сабырға шақырып, мемлекет ешкімді бей-жай қалдырмайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады.

Бұл сөздер ертеңі үшін уайымдаған жұртқа жылу сыйлағандай. Президентке өзге өтініштерін де айтып қалды. Айтуларынша батыстағы аудандарда өзендер жиі тасиды. Көпірдің жоқтығынан әсіресе Аққоз округінің қарашасы қиналып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көпір мәселесі бойынша мен Үкіметке міндетті түрде тапсырманы беремін. Тиісті қаражатты бөлеміз. Енді келешекте тек қана аманшылықта кездесе берейік.

Бұдан соң президент жедел штабтың отырысын өткізді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша қауіп сейілді деп айтуға ерте. Қазір Шаған, Деркөл, Жайық өзендерінің деңгейі жылдам көтелеріп келеді. Бұған Ресейден келетін су көлемінің еселеп артуы себеп. Бұл Орал қаласы мен Бәйтерек, Теректі аудандарына қауіп төндіріп тұр. Ал президент болашақта мұндай тасқынға жол бермеу керекпіз деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көктем мезгілінде қар шығару, өзендердің қауіпті учаскелеріндегі мұзды жару, қарғын су жүретін арналар жасау және басқа да қажетті шаралар алдын ала жүргізілуге тиіс. Жаз-күз маусымында өзендердің арналарын уақытылы тазалауды, табанын тереңдетуді және сағаларын кеңейтуді, автомобиль мен теміржолдардың бойындағы қолданыстағы су өткелдерінің қуаттылығын арттырып, жаңасын салу қажет. Қорғаныс бөгеттері мен су жүретін каналдар салу керек. Бұл міндет Республикалық штабқа және Үкіметке жүктеледі

Президент тасқыннан қираған ауылдарды қалпына келтіруді тапсырды

Мемлекет басшысының айтуынша елде бұрын соңды мұндай тасқын болмаған. Тек 1994 жылы ұқсас жағдай тіркелгенімен, биыл одан әлдеқайда асып түсті. Келтірілген залал да көлемі де тым көп. Енді соны кешіктірмей өтеп, барлығын қысқа уақытта қалпына келтіру қажет деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен зардап шеккен аудандарды аралап шықтым. Апаттың ауқымын, шығынды көріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр желілері судың астында қалды. Жолдар мен көпірлер шайылып кетті. Барлық негізгі мәселе шешілгеннен кейінгі ең басты міндет – қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа типтегі үйлер салу немесе бұрыннан бар үйлерді реконструкциялау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деп ойлаймын. Ахуалдың ауыр екенін бұған дейін де айттым. Үкіметтің, Республикалық штабтың жетекшілігімен облыс әкімдері бұл міндетті дұрыс атқарады деп санаймын.

Президент мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу қажеттігін де айтты. Бұл құжатта төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге және дүние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі барлық құзырлы органның міндеттері мен іс-қимылы нақты қамтылуы керек деді мемлекет басшысы. Әрі тасқынның алдын алу бағытында қажетті кадрларды даярлау мәселесіне де тоқталды. Ал зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінді. Ендігі міндет қираған ауыл-аймақты қалпына келтіріп, шығынды өтеу. Президент бұл істі бақылауында ұстайтынын ескертті.

Досжан Маратұлы

Бөлісу