Шымкенттік еріктілер тобы тасқын судан зардап шеккен аймаққа тағы да қайырымдылық көмегін жөнелтті. Бұл жолы азық-түлік пен киім-кешек тиелген жолаушылар тасымалдайтын 15 машина мен бір жүк көлігі Ақтөбе облысына қарай жолға шықты. Жалпы мегаполис тұрғындары төтенше жағдай орын алған аймақтарға бүгінге дейін 15 миллион теңгенің заттарын көмек ретінде жіберген.
Ғани Қалмахан, тілші:
4-5 күннен бері жиылған заттардың көлемі әжетәуір көп. Оны жастар жабылып, қазір екі жүк көлігіне тиеп жатыр. Қайырымдылық іске қолдау білдірген шаһар жұртшылығы арнайы құрылған штабқа әлі де киім-кешек пен азық-түлік әкеп тапсыруда. Сондай-ақ бұл іске мегаполистегі ірі кәсіпорындар, өндіріс ошақтары мен түрлі мекемелер де атсалысуда.
Жиналып жатқан заттардың ішінде 5 тоннадай ұн, өсмдік майы, макарон өнімдері бар. Сондай-ақ көрпе төсек, гигиеналық заттар мен құрылысқа қажетті бұйымдардан бөлек су кешуге ыңғайлы 200-дей резіңке етік әкелінген. Гуманитарлық көмекті ұйымдастыруда әсіресе жастар белсенділік танытып жүр.
Жазира Асан, Волонтер:
Ол жерден тізім алып қойдық мұқтаж отбасылардың және су алған аймақтардың тізімі бар. Памперске бөлек адам, киім-кешекке бөлек адам, азық-түлікке бөлек адам қоямыз. Сол бойынша тізіммен беріп отырамыз. Ол жерде тек Ақтөбе емес. Оның қасындағы Орал, қостанай бар. Оларға да береміз.
Гуманитарлық көмек тиелген автокөліктер ертең кешкісін Ақтөбе облысына бетке алып, жолға шығуға қам жасап жатыр. Еріктілер, тасқын сумен арпаласып жатқан ағайынға тағы да көмек қажет болып жатса қосымша заттар жіберуге дайынбыз дейді. Мұндай жағдайда бұл пункттер әрі қарай да жұмысын жалғастырмақ.
Ғани Қалмахан