Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді аралады

03.04.2024

Су тасқынынан кейін тағайындалған премьердің орынбасары Қанат Бозымбаев 3 күнде 3 өңірді аралап, облыс басшылары мен төтенше жағдай қызметкерлеріне бірқатар тапсырма берді. Алдағы күндері тағы жауын-шашын болып, күн күрт жылынып кетуі мүмкін екенін ескерткен вице-премьер қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек деді.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмысын бірден өңірлерді аралаудан бастады. Вице-премьер ең әуелі қарғын судан қатты зардап шеккен Қарағанды облысы Шет ауданына барды. Су басқан ауылдарды тікұшақпен аралап, тұрғындармен кездесті. Бұл аймақтағы төрт ауылда 40 тан астам үй суға кетіп, 300-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қазір жағдай қалыпты. Судың беті қайтып, тұрғындар баспанасына орала бастады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, республикалық штаб басшысының орынбасары:

Бірде бір азамат, апаттан шығыны болса жалғыз қалмайды. Мемлекет көмектеседі. Үйге зақым келсе қалпына келтіреміз. Егер үй жарамаса, жаңа үй саламыз, сатып аламыз. Қарағанды облысының шамасы келмесе орталықтан қаржылай көмек көрсетеміз.

Қанат Бозымбаев Қостанай облысындағы төтенше жағдай жарияланған аудандардың да жағдайымен танысты. Вице-премьер апаттың салдарын жою және тұрғындарды құтқару жұмыстарын әрі қарай жүргізуді тапсырды. Өңір әкімдігіне бүлінген үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, республикалық штаб басшысының орынбасары:

Су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары тәулік бойы жүргізілуі тиіс. Өңірлерді қалпына келтіру үшін барлық қажетті ресурстар бөлінеді»

Республикалық штаб басшысының орынбасары бүгін Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерді. Әсіресе, Нұра, Есіл өзендерінің маңындағы елдімекендерді су басу қаупі бар. Қазір су деңгейін тәулік бойы бақылайтын арнайы бекеттер құрылған. Мониторинг жұмыстары жүріп жатыр.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, республикалық штаб басшысының орынбасары:

Астана су қоймасынан судың көп ағызылуына байланысты Есіл өзеніне жақын орналасқан Аршалы ауданының елдімекендеріне су жайылу қаупі бар. Сондықтан Төтенше жағдай министрлігінің күш құралымдары Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау аудандарының 17 елді мекеніне, Көкшетау және Қосшы қаласына алдын ала жөнелтілді.

Айта өтейік, су тасқыны кезінде үйі мен мал-мүлкінен айырылған тұрғындар жергілік атқару органдарына 30 күн ішінде өтініш бере алады. Арнайы мамандар 10 күнде залал көлемін анықтауы тиіс. Ал апатты, жарамсыз үйлердің тізімін әкімдік жасайды.

Шығынды өтеу үшін жергілікті атқарушы органдар резервінен қаражат бөлінеді. Ал оның мөлшерін Өнеркәсіп және құрылыс пен Төтенше жағдайлар минитрлігі анықтайды. Үкімет қажеттілік туындаған кезде ғана қосымша қаржы бөледі.


Хабарламаларға жазылу