Батыс Қазақстанда су келу қаупі бар аудандар бақылауға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда су келу қаупі бар аудандар бақылауға алынды

03.04.2024

Үш өзеннің ортасында тұрған Орал қаласын су басу қаупі бар. Жайықта да су деңгейі көтеріліп, қазірдің өзінде былтырғы межеге жетті. Батыс Қазақстан облысында су басқан аумақтардан 6500 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың жартысына жуығы - бала. Қазір эвакуациялық орталықтарда мыңнан астам адам тұрып жатыр. Әріптесім Ардақ Мұратқызы өңірдегі ахуалды жеткізеді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Жайықтың мұзы еріп үлгермей, ернеуіне су жетті. Қазіргі деңгейі - 584 см. Бұл - былтырғы тұтас тасқын кезіндегі шекті меже. Ал Ресейден су келмей жатып, жағалауды су басты.

Жайықтың суы биыл қауіпті деңгей - 850 см-ге жетеді деп болжанып отыр. Күретамырдың күрт тасуы соңғы рет 1994 жылы болған. Содан кейін суы тартылып, қайраңы көбейді. Ал биыл ырыс мол. Алайда өзен арнасы 6 метрден асса, жайылмаға су жайылып, саяжайлар суға кетеді.

Тілеген Шапанов, «Қазгидромет» РМК Облыстық филиалының директоры:

дачный массивтер және Ет комбинаты шағын ауданындағы бау-бақша серіктестіктері және Жайықтың барлық жайылмасындағы саяжайларға қауіп төндіреді. Ресейдегі Ирикла су қоймасының су тастауы секундына 790 текше метрді құрап отыр.

Қала іргесіндегі саяжайларда 20 мың адам тұрып жатыр. 5 мың тұрғынжай бар. Қазірдің өзінде Деркөл, Шаған өзендері тасып, бірнеше бау-бақша серіктестігінің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Шаһарда 8 эвакуациялық орталық дайындалды. Солардың төртеуін бүгінде 400-ге жуық адам паналап отыр.

Әлішер Матякупов, Қандас:

Рахмет осылай жатқызып, тамақ беріп, киіммен қамтып жатыр. Жеген ауыз ұялады деп, ол жағын жасыра алмаймын, дұрыс ол. Бірақ бұл уақытша ғой. Түгел осында тұрмаймыз ғой біз. Бізге баспана керек.

Қатынассыз қалған елді мекендерге тікұшақпен 2 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. "Қоғамдық келісім" мекемесінің жанынан қабылдау пункті ашылып, этнобірлестік өкілдері, кәсіпкерлер, еріктілер, жағдайға бей-жай қарамайтын азаматтар 26 млн теңгенің азық-түлік, керек-жарағын әкелген. Өңірде 3500 бас мал су басқан аумақтан аман шығарылды. Алайда 1600 төрт түлік шығыны тіркелген. Арнайы комиссиялар шығынды есептеуді бастады.

Ардақ Мұратқызы 

Хабарламаларға жазылу