Ақмола облысындағы бес ауылды су басу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы бес ауылды су басу қаупі бар

03.04.2024

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы 5 елдімекенді су басу қаупі бар. Қазір бұл ауылдарда жедел түрде тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Ауыл тұрғындары да сақтық шараларын күшейткен. Қазір олар қауіпті аймақтарда тұрған баспаналардың жанына құм салынған қап төсеп, бөгеттер жасап жатыр. Ауылға барған құтқарушыларға да көмектесіп, тасқынның алдын алу үшін бел жазбай еңбек етіп жатыр.

Қуат Тілеубай, Шағалалы ауылының тұрғыны:

Бізде әлі қар көп. Анау төбеде қар әлі жатыр. Бір-екі күннен кейін күн жылып, ысиды деп жатыр. Су басатын, қауіпті жерлер бар. Соларды су көтерілгенде басып кетпеуі үшін осындай тоған жасау керек. Алдын-ала жасап қою керек. 

Биыл тасқын судан қауіп күшті. Құтқарушылар күндіз-түні апаттың алдын алып жатса да, аймақта жағдай әлі де тұрақсыз. Қарғын су ауылдарға кіріп, аулаларға жайылған. Бірнеше елдімекенге баратын жолдарды да ағын су шайған. Десе де, аудандық төтеншеліктер жағдайды бақылауда ұстап отырмыз,-дейді.

Ерлан Жолдин, Зеренді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

Су тасқынына қарсы шаралар қазір қарқынды жүріп жатыр. Ауылдарға инерттік материалдар жеткізіп, бөгеттер жасап жатырмыз. Өзен-көлдердегі судың деңгейін де арнайы штаб қатаң бақылап отыр. Ал қарғын су шайып кеткен жол учаскелеріне құтқарушылар мен арнайы техникалар жұмылдырылып, күзетшілік қойылған. 


Хабарламаларға жазылу