Соңғы тәуліктерде әлем елдерінде дауылдар мен жауын-шашыннан және алапат тасқындардан ондаған адам қаза тапты. Қытайда сұрапыл жел көтерілсе, Венесуэла мен Бразилия ормандар өртеніп, топан су жүрді. Сонымен қатар, табиғи апаттардан Еуропаның бірнеше елі де зардап шекті. Ал Жапонияда сакура ағашы гүлдеп жатыр.
Әлемде су тасқындары мен алапат дауылдардан ондаған адам қаза тапты
Қытай
Қытайдың шығысындағы Цзянси провинциясының астанасы Наньчанға алапат дауыл соққы берді. Сонымен қатар, алты жарым миллион тұрғыны бар қалада күн күркіреп, жауын құйған. Жергілікті биліктің мәліметінше, төрт адам қаза тауып, оннан астамы жараланды.
Венесуэлла
Ал мына кадрлар Венесуэланың Амазон орманында дронмен түсірілді. Бұл аймақта қаңтардың басынан наурыздың соңына дейін 30 мыңнан астам өрт ошағы анықталыпты. Оларды сөндіруге жүздеген адам тартылып жатыр. Ғалымдардың пікірінше, жасыл желектердің күлге айналуына адамның іс-әрекеті ғана емес, жаһандық климаттың өзгеруі мен қуаңшылық та себепші.
Бразилия
Бразилияда жауын мен тасқыннан 23 адам қаза тапты. Табиғи апаттан, әсіресе, Рио-де-Жанейро және Эспириту-Санту штаттары қатты зардап шегіп отыр. Көшелер үйіліп қалған қоқыстан әлі тазартылып біткен жоқ. Жергілікті биліктің айтуынша, қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына бір айдай уақыт кетуі мүмкін.
Италия
Оңтүстік Америкадан Еуропаға ойыссақ, Италияда төпелеп жауған жауын соңы су тасқыны мен лай көшкініне ұласты. Осыған байланысты Валь-Камонике аймағында тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген. Ал осы өңірдегі Эдоло қаласының көшелері өзенге айналды. Және де аймақта талай жол жабылды.
Польша
Польшаның оңтүстігінде күшті жел тұрып, ағаштар құлаған. 5 адам қаза тапты. Желдің жылдамдығы сағатына 155 шақырымға жетті. Оның екпінінен үйлердің шатырлары ұшып, айнала аласапыран күй кешкен. Дауылдан зардап шеккен өңірлерде қазір құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Олар ең алдымен жолдарды құлаған ағаштар мен қирандылардан тазартуға тиіс.
Жапония
Ал Жапонияда сакура гүлдеп жатыр. Дегенмен бұл маусым биыл әдеттегіден 15 күн кешігіп басталды. Табиғаттың тамаша көрінісін тамашалау үшін Токиодағы императорлық сарайдың жанындағы паркке жергілікті тұрғындармен бірге шетелдік туристер де көптеп барып жатыр.
Арыстан Рысбек