Тасқыннан зардап шеккендердің бәріне көмек беріледі - Премьер-Министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасқыннан зардап шеккендердің бәріне көмек беріледі - Премьер-Министр

02.04.2024

Бірнеше министрлік пен облыс әкімдіктері тез арада апаттан келген шығын көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуге кіріседі. Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деп тапсырма берді. Ал, су тасқының салдарынан жарамсыз болып қалған үйлердің орнына салынатын жаңа баспанының 1 шаршы метрінің құны 281 мың теңгеден болады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. 

Бүгінгі ақпарат бойынша аймақтарда мың жарым үйді су басқан. Өкінішке қарай, қауіп әлі де сейілген жоқ. Бастысы – адамдар аман. Бірақ, өңірдегі ағайынға қызыл су қып-қызыл шығын болып тұр. Мал-мүлік суға кетіп жатыр.

Олжас Бектенов,ҚР Премьер-Министрі:

«Әкімдіктер жергілікті жерлерде зардап шеккен тұрғындарды шығынды өтеу алгоритмі және үй салу үшін көрсетілетін көмек туралы атаулы түрде хабардар етуге тиіс. Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бәріне көмек берілетін болады».

Қазір апат болған өңірлерде шығын бойынша ақпарат жинақталып жатыр. Соған қарай облыстардың жергілікті бюджетінен, одан кейін республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Мәселен, 80 шаршы метрлік баспана құны 22 млн теңге. Яғни, жаңа баспанының шаршы метрі 281 мың теңге болады.

 Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

«Қазіргі таңда үйлердің саны белгісіз. Мына жергілікті атқарушы органдар толық ақпаратты жинайды, одан кейін біз қаражатты бөлеміз. Бірақ, бір үйге 22 млн теңге бөлінеді. Осындай бағаны біз өзіміз бекіттік».

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жариялады. Онда суға кеткен мал саны есептеліп, деректер нақтыланып жатыр делінген. Өтемақы жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінен төленетін болады. Бұдан бөлек, жем-шөп жетпей жатса, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» көмек беретін болды. Ол үшін әр өңірдегі облыстық штабқа хабарласу қажет. Бүгін үкіметте алдағы уақытта апаттың алдын алу үшін су қоймалары салынатыны да айтылды.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

«Жоспарда бүгінгі күні 20 жаңа су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз.9 су қойманың жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатыр 6-ауы осы жылдың бірінші жарты жылдығында дайын болады».

Бұған қоса 9 облыстың аумағындағы 15 су қоймасын қайта жарақтау жұмыстары басталады. Бұл 75 мың адам тұрып жатқан 64 елді мекеннің су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Ал Үкімет басшысы барлық жауапты органдарға 2025-2029 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу