Түркияда жергілікті басқару органдарының сайлауы өтті. Шағын ауыл-аудандардан бастап үлкен мегаполистерге дейінгі барлық деңгейдегі әкімдер мен губернаторлар сайланды. Жоғарғы сайлау басқармасының мәліметіне сай дауыстардың 99,8 пайызы саналған. Оның нәтижесінде биліктегі «Әділет және даму» партиясы 35,5, ал оның негізгі қарсыласы оппозициялық Халықтық Республикашылар партиясы 37,7 пайыз дауыс жинаған. Тиісінше Анкара, Ыстамбұл, Измир, Бурса, Анталия сияқты ірі қалалардың барлығы оппозициялық партияның басқаруында болады. Бұл сайлауға да халықтың қатысу көрсеткіші жоғары болды. Түркия Жоғарғы сайлау басқармасының ақпаратына сәйкес, дауыс беру құқығы бар 62 млнға жуық адамның 78,1 пайызы дауыс берген.
Ахмет Йенер, Түркия жоғарғы сайлау басқармасының басшысы:
Жергілікті басқару органдары сайлауына барлығы 34 партия қатысқан еді. Қазіргі қолда бар мәліметке сай Халықтық республикашылар партиясы 35 облыста, Әділет және даму партиясы 24 облыста, Халықтар теңдігі және демократия партиясы 10 аймақта, Ұлтшылдар партиясы 8 аймақта, Жаңа рефах партиясы 2, Үлкен бірлік партиясы 1, Жақсы партиясы 1 облыста жеңіске жетті.
Айдос Әшімұлы