Биыл моноқалаларға 62,8 млрд теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл моноқалаларға 62,8 млрд теңге бөлінеді

02.04.2024
0:00:00
0:00:00

Биыл моноқалаларға 62,8 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Жалпы, моноқалалардың инфрақұрылымын дамытуға жыл сайын тұрақты түрде қаражат бөлініп келеді. 2019-2023 жылдары аралығында 348,4 млрд теңге жұмсалған. Бірақ, соның өзінде мін көп. Премьер-министр Олжас Бектенов облыс әкімдері моноқалалардың инфрақұрылымын қараусыз қалдырған,-деп сынады. Басты міндет- моноқалаларды дамытып, жастар үшін тартымды ету керек. Өйткені, соңғы 20 жылда моноқалалардағы тұрғындардың саны екі еседен астам азайып кеткен. Мұның басты себептері жұмыс орындарының тапшылығы, жалақының аздығы және тұрмыс сапасының төмендігі болып отыр. Айта кетейік, Қазақстанда 20 моноқала бар және ондағы халық саны 1,4 млн адамнан асады. Бұдан бөлек, Премьер-министр Олжас Бектенов моноқалалардың шетіндегі қалдық үйінділерін қайта өңдеу жоспарын жасауды тапсырды. Ең бастысы моноқалалардың инфрақұрылымын дамыту керек,- деді ол.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Моноқалаларда жайлы тұрмыс деңгейі инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысына тікелей байланысты. Олардың көпшілігінде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым әбден тозған. Облыс әкімдіктері жағдайды жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдаған жоқ. Сондықтан қалыпты тұрмыс жағдайы мен қызметтерді қамтамасыз етуге баса назар аудару керек.


Хабарламаларға жазылу