Былтыр дәл осы сәуір айында Талдықорған білім бөлімінің есепшісі ала сөмкелерге ақшаны толтырып, қашып бара жатқан жерінен ұсталғаны ел есінде. Осы іске қатысты сот отырысы басталды. Қалалық білім бөлімінің бас есепшісіне және 20-ға жуық білім мекемесінің бухгалтерлеріне 4,6 мрлд теңгеге жуық қаржыны жымқырды деген айып тағылып отыр.
Бұл іс 245 томнан тұрады. Барлығы 20 күдікті. Соңғы түзетулерден кейін жымқырылған қаражат сомасы 4 млрд 570 млн теңгеден асты. Мемлекеттік айыптаушының айыптау актісін таныстыруға 4 сағаттай уақыты кетті. Сот ашық түрде өтіп жатқанымен күдіктілер мен олардың қорғаушылары процесске бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуына қарсы болды. Алайда судья олардың өтінішін қанағаттандырмады. Айта кету керек бұған дейінгі отырыста мемлекеттік айыптаушы сотталушыларды үкім шыққанша қамауда ұстау тұралы ұсыныс жолдаған болатын. Сот ұсынысты ішінара қанағаттандырды.
Мәулен Ержанов, Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ресми өкілі:
Мемлекеттік айыптаушының талабы бойынша 13 ада кепілмен болған. Оның ішінде 9 адамды бұлтартпау шарасын өзгертіп қамауға алып, 4 адамды біз үй қамаққа жібердік.
Көпшіліктің жағасын ұстатқан бұл істі тергеу өткен жылы басталған болатын. Қалалық білім бөлімінің бас есепшісі аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілініп Панфилов ауданында ұсталған. Тінту барысында есепшіден 1 млрд теңгеге жуық қолма-қол ақша, жылжымайтын мүлік пен бірнеше көліктің құжаттары бағалы әшекейлер табылды. Іс өте ауқымды болғандықтан сот отырысы аптасына үш рет өтетін болды.