Сарапшылар: Байден жолдауды үгіт-насихат құралына айналдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: Байден жолдауды үгіт-насихат құралына айналдырды

02.04.2024

АҚШ Украинаны ешқашан қиындықта жалғыз қалдырмайды. Ел президенті Джо Байден жыл сайынғы халыққа жолдауында осылай деп мәлімдеді. Сондай-ақ, Израйлден Газадағы бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті. Десе де сарапшылар Ақ үй басшысының баяндамасы жолдаудан бұрын сайлауалды бағдарламасына ұқсап кетті деп сынады. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатсын.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Джо Байденнің тағы бір мерзім ел басқаруға шамасы жететініне күмәнмен қарайтын сайлаушылар аз емес. Сондықтан ол жолдауы кезінде өзінің әлі де тың, санасының сергек екенін көрсетіп бағуға тырысты. Байден әгімесінің әлқиссасын Украинадағы жағдайдан бастап, Конгресті оны қолдауға тағы да шақырды. Себебі, депутаттар жарты жылдан бері бұл елге қару жарақ сатып алу үшін президент сұрған қаржыны бөлмей отыр. Ақ үй басшысы мұның салдары бүкіл европаға әсер етеді деп санайды.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Еуропада және одан тыс жерлерде хаос таратып жатыр. Осы залда отырған қайсыбірің ол осымен тоқтайды деп ойласа, қателессіздер. Ол тоқтамайды. Сондықтан қолдау көрсетуді жалғастыру керек.

Байден сондай-ақ Израильден Газаның жұртының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті. Себебі, екі миллион бейбіт тұрғын толассыз бомбылаудан зардеп шегіп жатыр. Отыз мыңның үстінде адам қаза тапты. Енді халық аштықтан көз жұмуда. Сондықтан АҚШ Президенті арнайы қалқыма айлақ салынатынын мәлімдеді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Әскерилерге Газа жағалауына азық-түлік, су, дәрі-дәрмек тасымалдау үшін ірі кемелерді қабылдай алатын Жерорта теңізінде уақытша айлақ құру жөнінде тапсырма бердім. Бұл айлақ Газаға күн сайын түсетін гуманитарлық көмек көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

68 минутқа созылған баяндама Байденнің сайлауалды бағдарламасына ұқсап кетті дейді сарапшылар. Себебі, президент кезекті сайлауда жеңіске жетсе, әйелдердің түсік жасату құқығын қалпына келтіруге, зейнеткерлерге дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге, бірінші рет пәтер сатып алушыларға ипотекалық жеңілдіктер жасауға уәде берді. Әрі ірі корпорациялар мен миллиардерлерге салықты көтеретінін тағы да мәлімдеді. Демократтар Байденді қайта қайта орнынан тұрып, қол шапалақтап қолдаса, республиканшылдар оны жолдауды үгіт-насихат сөзіне айналдырды деп сынға алды.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу